- Негізгі бет
- Музыка
- Музыкалық дәуірлер сұхбаты...
Музыкалық дәуірлер сұхбаты
Әлемдік музыкалық сахнадағы танымал қазақстандық ұжымдардың бірі – Ғ.А.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті тыңдаушыларға жаңа бағдарлама ұсынады. «Қазақквартет шақырады» топтамасындағы «Музыкалық дәуірлер сұхбаты» концерті 11 қараша күні «Астана Опера» Камералық залында өтеді.
Керемет дыбысталуы, әлемдік классика жауһарларын әсерлі түрде жеткізуі, сахнадағы ерекше дарындылығы шығармашылық ұжымды туған елінде ғана емес, шетелде де танымал етті. Ішекті аспаптар құрамында көпшілікке белгілі музыканттар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), сонымен қатар ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель) бар. Бір концерттің аясында әртістер классицизм, романтизм және XX ғасыр музыкасы сынды түрлі жанрлар мен дәуірлердегі туындылардың тамаша түсіндірмесін ұсынатын болады.
Осы кеште В.А.Моцарттың Ішекті аспаптар квартеті №15 ре минор шығармасы орындалады. В.А.Моцарттың камералық ансамбльдерге арнап жазған көптеген туындыларының ішінде ішекті аспаптар квартеті ерекше танымалдылыққа ие. Айрықша драматизмімен, бейнелілігімен өзгешеленетін Ішекті аспаптар квартеті №15 ре минор –көрнекті композитор әрі автордың досы Й.Гайднге арналған алты квартеттің ішіндегі екінші (және ең танымал) туынды. Бұл опустар австриялық классиктің ең атақты шығармалар қатарына жатады. Олар өз жанрының негізін қалаушылар ретінде танымалдылыққа ие болып, концерттерде, радиобағдарламалар мен жазбаларда жиі орындалады.
Музыканттар Х.Вольфтың «Итальяндық серенада» W17/2 шығармасын орындайды. Бұл романтик-композитордың өзіндік стилінің тамаша үлгісі және оның сан қырлы дарынының куәсі. Аспаптық миниатюра бағдарламалық драмалық көрініс ретінде түсіндіріледі, мұнда қос кейіпкер – адуынды ер адам мен назды әйел адам арасындағы махаббат сезімін жеткізу баяндалады. Шығарма жалын атқан би тақырыптарының молдығымен, жеке орындалатын виолончельдің мәнерлі аспаптық речитативтерімен, сондай-ақ шынайы нәзіктік, оғаштық пен ерсіліктен тұратын бейнелердің сахналық көрнекілігімен, қаһармандарының мінез-құлқымен, қарқынды көрсетілген психологиялық жағдайымен тыңдармандарды баурап алады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Д.Шостаковичтің Ішекті аспаптар квартеті №5 cи-бемоль мажор, op. 92 туындысы ұсынылады. XX ғасырдағы әйгілі композитордың барлық жанрлар мен музыкалық формаларды қамтыған ауқымды мұрасында ішекті аспаптар квартеті маңызды орынға ие. №5 ішекті аспаптар квартеті өзінің трагедиялық мәнерімен, көңіл-күй қарбалысымен ерекшеленеді. Музыканың үдемелі құштарлығы нәзік лирикалық әуенмен алмасады, содан кейін бақытты финалмен аяқталатын шиеленіс пен драматизмнің күшеюі орын алады. Д.Шостакович өз шығармаларында жеке сипаттағы сұрақтарды тұспалдап жеткізеді. Бәлкім, квартеттің бірінші бөлігіндегі әсерлі контрапунктте көрсетілген күшті толғаныс дәл осылайша түсіндірілмек.
А. Оралқызы