Скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі және бірнеше мемлекеттік сыйдың лауреты Айман Мұсаходжаева кеше Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің жаңа маусымын ашты. Ұжымның жетекшісі Ваг Папян. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Жаңа маусымда классикалық музыка табынушылары Вебердің "Эврианта" увертюрасын, Франктың ре минорлық симфониясын тыңдай алады. Қазақ мемлекеттік филармониясының әкімшісі Лев Мейзеровичтің айтуынша, үстіміздегі қыркүйек айының 10-ында Алматыда үрмелі аспаптар оркестрінің, 14-і күні Тілендиев атындағы фольклорлық оркестрдің маусымдары басталып кетті. Ол, сонымен қатар, қыркүйектің 19-ы күні мемлекеттік хор капелласы жұмысын бастайтындығын айтып өтті.
"Бүгін бізге Айман Мұсаходжаевадай кәсіби скрипкашыны сүймелдеу бақыты бұйырды. Бұл өнерпаз аса үлкен жарнаманы қажет етпейтін тұлға. Оның бүгінгі таңдаған бағдарламасы өте күрделі. Көптен бері орындалмаған симфониялық туындылар бар. Мәселен, Вебердің увертюрасының бұл қабырға аясында орындалмағанына кем дегенде 15 жыл болды", - деп түсіндірді Мейзерович.
Айман Мұсаходжаева
Жақында Швейцариядан оралған Мұсаходжаеваның айтуынша, жаңа маусымның ашылуы дирижерлер мен орындаушылар үшін ғана емес, тыңдармандар үшін де үлкен қуаныш. Ол, сонымен қатар, қала тұрғындарының симфониялық музыканы тереңірек түсіне бастағандығын айтып, қуанышын білдірді.
"Брамстың концертін жақсы дайындықсыз орындап шығу өте қиын. Маған бұл туындыны Варшавада, Берлинде орындау бағы бұйырды. Алдағы уақытта Бангкокта және басқа қалаларда да орындауды жоспарлаудамын. Бүгін, міне, сүйікті Алматымда орындалғалы жатыр. Тыңдармандардың да талғамы, түсінігі артқан. Стильді, образды түсінетін халық алдында өнер көрсету бір ғанибет", - деді Айман Мұсаходжаева.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: ©Данияр Бозов