Халықаралық The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалінің алғашқы күнін тувалық танымал Радик Тюлюш пен "Чалама" тобы, сонымен қатар моңғол әуендерін заманауи орындаған қытайлық Hangga рок-тобы аяқтады. Фестивальді ұйымдастырушы - Tengri FM радиостанциясы, бас серіктес - Kaspi bank.
Тыңдармандар асыға күткен Радик Тюлюш көмеймен айтудан шебер атанған, ол Қазақстанға 2014 жылы да келген еді. Ол биылғы фестивальде "Чалама" тобымен өнер көрсетті. Орындаушылар тувалық ішекті аспап игиле, бызаанчи және дошпулууреде ойнады.
"Бұл ел де, адамдары да маған өте жақын. The Spirit of Tengri фестивалі түрлі ұжымдарды кездестіріп, түрлі адамдармен танысуға болатын орын. Халық энергия береді. Мұндай фестиваль болашақта дамуға шабыт береді. Жыл өткен сайын бәрі жақсы жағына қарай өзгеріп келеді. Ең бастысы, үлкен дүние жасауға деген ынтаң мен арманыңды жоғалтпау. Соңы коммерциялық мақсатқа айналатын жобалар бар, The Spirit of Tengri бұлардың қатарына қосылмайды деп сенемін", - деді музыкант.
Тюлюштің лирикалық әуендері Hanggai тобының орындауындағы моңғол рогымен жалғасты. Олар гитара және моринхуура аспаптарымен халық балладаларын орындады. "Біз мұнда алғаш келіп тұрмыз. Әрқашан жаңа адамдармен танысқымыз келеді. Бұл фестивальдің болашағы зор, келешекте бұл шара үлкеюі мүмкін", - деді Hanggai тобының мүшелері.
The Spirit of Tengri ұйымдастырушылары бұл топпен келісімге келу үшін екі жыл жұмыс істеген. Hanggai - моңғол сөзі, ол биік таулар, өзендер мен шексіз дала ұғымдарымен байланысты. Ұжым 2004 жылы құрылған. Музыканттар моңғол мәдениетін насихаттайды. Дәстүрлі әуендерді олар рокпен, еуропалық әуендермен үндестіріп орындайды.
Екі күн бойы, яғни 6-7 маусым күндері көрермендер алдында 11 елдің өнерпаздары өнер көрсетеді: Венгрия, Түркия, Грузия, Қытай (Ішкі Моңғолия), Эстония, Таулы Шория, Тыва, Башқұртстан, Бурятия, Норвегия және Қазақстан. Елімізден "Алдаспан" және "Шарапат" топтары қатысады. Сонымен қатар, "Арқайым" мен "Тиграхауд" ұжымдары да өнер көрсетеді.