Бір ай ішінде "Егемен" газеті арқылы жарық көрген жазушы Қали Сәрсенбайдың жазған хатына Мейрамбек Беспаев кешегі ғана 8 қараша күні болған өзінің «Елге сәлем» шығармашылық концертінде жауап беруге тырысқан секілді. Бұл туралы Массагет тілшісі өз ойын білдірді.
«Қазақтың Мейрамбегі» атанып кеткен Мейрамбек Беспаев кеше өткен туған күнінде Алматы жұртына арнап шығармашылық концерт берді. Өзінің туған күні 7 қараша болса да, құжат жүзінде сегізі деп жазылып кеткендігін сөзге тиек етіп, өзінің 41 жасын халықпен бірге тойлауды жөн көріпті. 30 жыл сахна төрінде жүрген әншінің 15 жылы ұстазы Алтынбек Қоразбаевпен болса, 15 жылы «Музарт» тобымен бірге өткен.
Мейрамбек Беспаевтың қазақ эстрадасы үшін бренд болып қалыптасып кеткенін кеше тағы аңғардық. Себебі Республика сарайының ішінде бос орын болған жоқ. Халық тұрып шапалақ ұрып, әншінің әніне сүйсініп отырды. Әншімен бірге қазақтың біртуар азаматтары мен әншілері бірге қосылып дуэт орындады. Атап айтқанда, Саят Медеуов, Медеу Арынбаев, Мадина Садуақасова, Мөлдір Әуелбекова, Ұшқын Жамал, Тоқтар Серіков және шәкірті Райым Уайыс та өнер көрсетті.
Сөз арасында «Мейрамбек хатқа қалай жауап берер екен» деген пікірлер жүрді. Әркім саласына қарай көсілуді жөн көрсе керек, ел алдына шығып, өзінің бар екенін, ұлтымен бірге екенін көрсетуге тырысқан Мейрамбек Медеу Арынбаевпен бірге жаңа бір ән орындады. Әннің сөзінде қазақтың дәстүрі, салты мен қазіргі болып жатқан қоғамдық мәселелерге келетін мәтіндер бар сөздер айтылды. Ол ғана емес, Ұшқын Жамалмен бірге орындаған әні де қазақтың бірлігі мен татулығы жөнінде болды.
Осы уақытқа дейін лирикалық бағытта ән салып келген әншінің бұл әндерді орындауы халықтың көңілінен шықты. Концертінің атауын да «Елге сәлем» деп алса бекер еместігі болар. Бір сөзбен айтқан кезде Мейрамбек Беспаевтың қоңыр әуенімен тербелген әндер қазақтың жүрегінде шырқалып тұрары анық. Ал азамат ретінде халық алдына шығып, тірі дауыста, тірі музыканы ойнатып, шынайы бағдарлама арқылы концерт беруі үлкен жауапкершілікті көрсетеді.
Әншінің Массагет порталына берген сұқбаты кезінде де азаматтық позициясы бар әнші екенін аңғарған болатынбыз. Бозторғайдай шырылдаған әншінің қазақ эстрадасындағы орны ерекше екенін жанына еріп келген қонақтар мен әншілер де атап өтті.