Бүгін эстрада жұлдызы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласы әкімінің мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшісі Мейрамбек Бесбаевтың туған күні. Танымал әнші 43 жасқа толды.
Мейрамбек Бесбаев Жамбыл облысына қарасты Талас ауданында дүниеге келген. Ата-анасы ұлының әнге деген махаббаты мен дарынын байқап, оны сол қаладағы музыкалық мектепке береді.
1991 жылы Өзбекәлі Жәнібеков ұйымдастырған республикалық термешілер байқауына 15 жастағы Мейрамбек Бесбаев "Бозторғай" әнімен қатысады. Ән көрермендердің ыстық ықыласына бөленгені соншалықты, әнші үш күн қатарынан осы әнді шырқаған.
Мейрамбек Бесбаевтың музыкалық мансабы 2000 жылдары өрлей бастайды. Бұл кезде ол Мақсат Базарбаев және Сәкен Майғазиевпен танысады. Олар өз шығармашылықтарынан ұқсастық байқап, "МузАрт" тобын құруға шешім қабылдайды.
Мейрамбектің кез келген әні халық арасында жылдам тарап, тыңдармандарының жүрегінен орын алып жатады. Мейрамбек Бесбаевтың басқа әншілермен бірлесе орындаған әндері де аз емес. "Мейрамбек кіммен дуэт айтқысы келеді?" деген сұраққа бір сұхбатында Жұбаныш Жексенұлымен бірге ән орындағысы келетінін айтады. Халық Мейрамбек Бесбаев пен Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы ән сөзсіз жақсы туынды болатынына сенеді. Ал қазір Мейрамбек Бесбаевпен дуэт орындаған 10 әншіні ұсынуды жөн көрдік.
1. Мейрамбек Бесбаев & Тоқтар Серіков – "Жан анам", "Әке мен бала"
2. Мейрамбек Бесбаев & Сандуғаш Стамғазиева – "Қоштасудың қиыны-ай"
3. Мейрамбек Бесбаев & Жанар Айжанова – "Махаббат мұңы"
4. Мейрамбек Бесбаев & Мөлдір Әуелбекова – "Өзіңді кездестірмесем"
5. Мейрамбек Бесбаев & Мәдина Сәдуақасова – "Жаңбырлы күз"
6. Мейрамбек Бесбаев & Кайрат Нұртас – "Махаббат деген"
7. Мейрамбек Бесбаев & Ернар Айдар – "Мен сені ұмытпаймын"
8. Мейрамбек Бесбаев & Райым Уайыс – "Ұмыттым оны"
9. Мейрамбек Бесбаев & Қанат Үмбетов – "Сүйікті етші"
10. Мейрамбек Бесбаев & Мақпал Жүнісова – "Өмір"
Мейрамбек Бесбаев Медеу Арынбаев, Ғазизхан Шекербаев, Әли Оқапов, Ренат Гайсин секілді атақты әншілермен де дуэт орындаған.
Әлеуметтік желіде әншінің жоғарыда көрсетілген 10 әншімен орындаған дуэтін ұсынып, оқырмандар арасында сауалнама жүргізген болатынбыз. Сауалнама бойынша, көпшілікке Мейрамбек Бесбаев пен Қанат Үмбетовтың дуэт боп орындаған "Сүйікті етші" әні ұнайтынын байқадық. Әнін Дәурен Сердалиев, сөзін Ақберен Елгезек жазған.
Қанат Үмбетов "Түнгі студия" бағдарламасына қонаққа келгенде Мейрамбек Беспаевпен орындаған дуэті жайлы былай дейді: "Біз Мейрамбек аға екеуміз арнайы дуэт құрамыз деп жоспарлаған жоқпыз. Ол менің іште жүрген арманым ғана болатын. Мен ол туралы Мейрамбек ағаға барып айтуға да ұялатынмын. Бір күні концерттен соң Мейрамбек ағаға дуэт орындау туралы ұсыныс жасадым, ол бірден қабылдады. Содан соң Дәурен Сердалиевтен екеумізге ән жазып беруін сұрадым. Біз бұл әнді халыққа ұсынар алдында Мейрамбек аға "Қанат, біз хит қуып жүрген әншілер емеспіз, бұл ән екеуміздің өмірімізде тарих болып қалуы керек" деп айтқан болатын. Әнді халыққа ұсынған кезде бірден кең тарап кетті. Сондықтан оған бейнебаян түсіреміз деп шештік."