Мейрамбек Бесбаев отандық Жұлдыз ТВ арнасына көлемді видео-сұхбат берді, деп хабарлайды Massaget.kz порталы. Қазақ эстрадасының патшасы атанған тұлға өз сұхбатында қазіргі қазақ шоу-бизнесінің қал-жағдайы туралы тұщымды ойын айтып, Гәкку арнасы мен отандық туризм жайлы ащы шындықты жайып салды. Бұл сұхбаттан соң халық сахна серісін "қазақ халқы мен эстраданың жанашыры" ретінде танығандай болды. Ендеше әншінің сүбелі ойларын оқып көріңіз.
Той әншілері туралы
Бала күнімнен музыкалық мектепте оқыдым. Кәсіби деңгейде білім алдым деп айта алатын шығармын. Бағы жанған өнерпаздар қатарындамын. Әнді шегіне жеткізетін мықты әншілер бар. Ең бастысы – әнді түсініп айту керек. Қанша мықты әнші болса да, ешкім өз деңгейінен аса алмайды. Әр әншінің өз деңгейі болады. Той төңірегіндегі әншілерден терме күтпеймін. Халық та күтпейді деп ойлаймын. Өйткені ол өз деңгейін тапты. Ары қарай шыға алмайды. Мені қанша мақтаса да өз деңгейімнен шыға алмаймын.
Димаш Құдайберген туралы
Димаш қазір актуалды тақырып болып жатыр. Димаштың деңгейімен бір әншіні салыстыруға болмайды. Ешқашан! Оның жолы бөлек, басқа әншілердің жолы бөлек.
Апаммен бірге балалық шағымды көмдім
Көбіне көз жасымды көрсетпеуге тырысамын. Бірақ жүрегіммен жылаған кездер болды. Әсіресе ең қымбат адамдарды жоғалтқан кезде жылаймын. Соңғы рет апам кеткен кезде жыладым. Апаммен бірге балалық шағымды көмген сияқты болдым. Ата мен апамның баласы болғаннан кейін, әке-шешем бетімнен қағып ұрысқан емес. Апам кеткеннен кейін күрт өзгердім.
Қазақ эстрадасының хал-күйі
Сахнаға шығатын өнерпаздарды сұрыптау керек. Мен біздің эстрадамыздың бетпердесі дұрысталса екен деймін. Гәкку арнасының концертіне шыққаныма өкінемін. Білмей қалдым. Артымызға жалаңаш қыздарды шығарып қойған. Сол концертте МС Сайлаубек те шықты. Бүкіл әншілерді сол дәрежеге түсірді. Өтірік жаны ашыған болып өнеріміздің бәрін араластырып дәмсіз қылып жатыр. Өзімізде де намыс жоқ. Шақырған жерге бара беретін болдық. Өзімізден бастауымыз керек. Қазір есегі қайсы, тұлпары қайсы – ел білмей кетті. Біз ғасырдан-ғасырға кететін ән жазуды ойламайтын болдық. Бұл қашан реттеледі, бір Құдай біледі. Сырға таққан еркексымақтарды дәріптейтін адамдарды қазақ эстрадасының қастары деп ойлаймын.
Музыкалық арнаны басқару мүмкіндігі берілсе
Мен сияқты адамдарға бермейді оны. Мені ертең бәрібір "ұлтшыл, өзі музыкант бола тұра түсінбейді" деген әңгімелер кетуі мүмкін. Мен рокты да, шетел музыкаларын да тыңдай аламын. Бірақ мынадай масқараны тыңдай алмаймын. Біріншіден, жалаңаш, әдепсіз, тәртіпсіздерді құртар едім. Гәккуге не үшін ренжіп отырмын? Басында қазақи болып бастады. Қазақи көрермендерді тартып алып, "негізі кәсіби деңгей деген – мынау" деп жасап жатқан саясатын біліп отырмыз. Егер сырға тағып барсаң, мәнсіз болса да, жарты сағат сайын көрсетеді, ал жақсы бір дүние әкелсең, мысалы, шолпы мен сәукелесін киіндіріп Жанболат пен Жазираның клибін апаршы, көрсетпейді оны. Сондай өтірік саясатпен адамды алдап, көрерменді улап бітті.