"Меломен" тобы Massaget.kz сайтында қонақта болып, топ жаңалықтарымен бөлісті. Соңғы кезде көп айтылып жүрген "топ тарап кетуі мүмкін", "жеке ән айтып жүр" деген ұзынқұлақтың сөзіне жауаптарын берді. Сонымен қатар, "Меломен" тобының өз тыңдармандарына деген өтініші де бар екен...
- Теледидардан көп көрінбей кеттіңіздер, не себеп?
- Ассалаумағалейкүм, Massaget.kz сайтының оқырмандары. Барлықтарыңызға қайырлы күн дейміз. Теледидардан көп көрінбей кеткеніміз өзімізге байқалмайды. Көрермендерімізге солай шығар. Егер бұған себеп іздеп көрсек, біз соңғы кезде гастрольдік сапарлармен елді аралап көп жүрдік. Сол үшін де теледидарлардан тек бейнебаяндарымыз шығып, өзіміз түрлі бағдарламаларға бара алмай жүрміз. Сондықтан да тыңдарманымыз бізді эфирден көп көрмеген болар. Осы төрт жігіттің бас қосқанына биыл, 2014 жылы тура 5 жыл толып отыр. Осы аралықта барлық жасаған жұмысымызды өзіміздің көрермендерімізге барып, халыққа шығып, бөлістік. Бір жағынан бұдан өзімізге үлкен тәжірибе жинадық десек те болады. Осы жылдың күзінде сол бес жылдығымызға орай Алматы және Астана қалаларында концерт беруге дайындық жасаудамыз. Осы дайындық, тәжірибе жинау ісімен жүргендіктен де телеэкрандардан көп көрінбеген шығармыз.
- Қазір продюсерлеріңіз бар ма? Жалпы топтың ұйымдастыру ісімен, стилімен кім айналысады?
- Стильмен қазіргі таңда өзіміз айналысамыз. Өнердегі достарымызбен, стиль жағына көп көңіл бөлетін мамандармен ақылдасамыз. Бүгінде интернеттен де қарап, ақылдасып, таңдау жасайтын жайымыз бар. Продюсерге келетін болсақ, қазіргі таңда біз пордюсерсіз жұмыс істеудеміз. Продюсеріміздің осы күнге дейін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай алып келгеніне көп рақмет айтамыз. Жанна Әбуова әпкеміздің топ құрылып жатқан кезінде айтқан сөзі бар еді. Ол сөзінде әпкеміз бізді аяқтан тұрғызғанша алып жүретінін, кейін өз жолымызбен өнерде қалуымыз керек екенін ескерткен еді. Осыған орай, аяқтан тұрып кеттік деп айта алмасақ та, өнердің кейбір белестерін бағындырдық. Аллаға шүкір, өнердің ішінде ненің не екенін ажырататын жағдайға жетіп қалған шығармыз. Енді ары қарай бейнебаянымызды түсіріп, әндерімізді жазып, өнердегі жолымызды жалғастыру өз қолымызда.
- Жанр, стиль өзгерту ойда бар ма? Әлде бәрі бұрынғыша қала бере ме?
- «Меломен» деген атауының өзі өнерді бағалайтын адам деген мағына. Тобымыздың аты сондай болғандықтан нақты бір бағыт я болмаса стильмен жүреміз деп айта алмаймыз. Әрқандай стильде ән орындауға тырысамыз. Жалпы алғашқы әндеріміздің бірі «О, махаббат» әнінің стилінде дамимыз деп ойлаймыз. Біздің де ойымызша, бұл бізге жарасымды стиль. Бірақ болашақта әртүрлі стильде жақсы әндер шығып жатса, оларды да орындауға қарсы емеспіз. Топтың мақсаты да әуелден солай еді. Біз халық әндерін де, классикалық әндерді де айтудан тайынбаймыз.
- Сіздерге білікті продюсерлер бірге жұмыс жасауға ұсыныс жасаса, бұған қалай қарайсыздар?
- Тобымыздағы осы жігіттер бір-бірімізді тыңдаймыз, бірақ бір-бірімізге бастық я көшбасшы емеспіз. Ауызбіршіліктің арқасында осыған дейін келдік. Ал продюсердің болғаны жөн дейміз. Әр нәрсенің бастығы болуы керек. Келісімшартқа отырып, іс-қағаздармен жүретін де, белгілі бір шешімдерді шығаратын да адамның болғаны жөн. Әзірге шамамыз жеткенінше осы төртеуміз сол істің бәріне жауап беріп жатырмыз. Бірақ, шүкір, өз жұмысымызды атқарып келеміз. Ал егер продюсер болатындай жағдай болса біз әрқашан да жұмыс істеуге дайынбыз. Себебі продюсердің де атқаратын міндеті өте зор.
- Жанна Әбуова әпкемізбен орталарыңызда еш келіспеушілік не ұрыс-керіс болмады ма? Әнге таластық туған жоқ па?
- Жанна әпкемізбен біз туған бауырдаймыз. Әнге де еш таласымыз болмады. Қазіргі таңда да сәлеміміз түзу, әрқашан да дастархандас болып жүрміз. Бұрын қандай қарым-қатынаста болсақ, қазір де дәл сондай жылы қарым-қатынастамыз. Тек бөлек жұмыс істейміз. Тек қана сол.
- Әндерді қалай таңдайсыздар? Алғашқы әндеріңізді бірі «О, махаббат» сияқты әндеріңіздің сөзін кезінде сынағандар да болды.
- «О, махаббат» әнін Досым Қалмырзаев деген ағамыз жазған. Қазақтың көк туын көкке көтерген, қазақ өнер әлемінің патшасы Мұқағали ақынның ізбасары Досым ағамыздың өнерін қатты бағалаймыз. Ол кісі – жүрегі таза ақын. Тазалықпен, даналықпен жазатын дарын. Бұл әнді әрқалай сынға алушылар болды. Тікелей түсінгендер де, астарын түсінгендер де болады. Махаббаттың қуанышты да, мұңды да жақтары болады ғой, ағамыз сол дүниені меңзеген. Алғаш шығып жатқанымызда жастарға арнап шығарған әніміз болды. Әзіл ретінде айтылған әннің астарында да ой жатыр. Сондықтан оны үлкен бір талқыға салатын сөз деп айта алмаймыз. Досым ағамыздың да бұл сөзді түсіндіргені бойынша осылай айтылады. Ал әндеріміздің сөзіне қатты көңіл бөлеміз. Қазақтың айтыс өнеріне мән беретін болсақ, қазағымыз өте дана халық болғандықтан әннің сөзіне мән беріп, айтыс түрінде бір сөзбен ғана қаншама дауды шешетін болған. Байқайсыздар, қазақ алдымен әннің сөзіне мән береді. Сондықтан да сөзге біз де өте қатты көңіл бөлеміз, өз арамызда талқылаймыз, мүмкіндігіміз жетпей жатса, ақын ағаларымызбен ақылдасамыз. «Жаным, сен үшін күйдім, сен үшін өлдім, сенсіз өмір жоқ» деген секілді мәнсіз, мағынасыз сөздерден қашамыз. Бірақ көп әндеріміз жастарға арналғандықтан, қазіргі тілмен ән айтамыз. Әйтеуір астары қауіпті емес болса болғаны.
- Бастапқыда интернет бетінде белсенді едіңіздер, неліктен соңғы кезде көрінбей кеттіңіздер? Сіздерді тек инстаграм желісінде ғана көріп отырамыз.
- Арамызда Жігер мен Қайрат барлық әлеуметтік желіде отырады. Алғашқы кезде Мой мир еді, кейін Вконтакте, ал қазір инстаграм сәнге айналды. Тыңдармандарымызбен тез әрі жеңіл хабарласу, ақпарат беру үшін әлеуметтік желі қолайлы. Сондықтан да әзірге инстаграмдамыз.
- Топтарыңызда жеке ән орындап жүргендеріңізді байқап қалдық. Мәселен, Жігер «Қарлығаш құсым», «Хат жазып тұр», «Сағым жылдар» деген әндерді орындайды.
- Иә, өзекті сұрақ. Бірақ тобымызды тіл-көзден сақтасын. Тобымыздың ғұмырын бір Құдай ұзақ етсін. Ауызбіршілігімізден айырмасын. Тыңдармандарымызға да үлкен өтініш айтамыз, біз үшін дұғада болса екен. Жалпы, жеке ән жазуымызға келсек, тобымызда осы төртеуміз де негізгі солиспіз, сондықтан да өнерде жеке де ән орындап, халықпен етене жақын болу негізгі себеп. Өзіміздің жеке әндерімізді шығаруымызға Жанна әпкеміз де кезінде ұсыныс жасаған. Концерттерде де, гастрольдік сапарымызда да бір-бірімізді ауыстырып, сахнаға шығуға лайық болғандықтан, жеке ән жаздырып жүрміз. Жеке ән жаздыруымыздың бар құпиясы осы ғана.
- Байқауларға қатысуға ниет бар ма? «Жаңа Толқын», «Славян базары» сияқты байқауларға неліктен ұмтылмайсыздар?
- «Меломен» тобы құрылған кезде сол байқаулардан бастаған болатын. 2008 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты атандық. 2009 жылы Абай атамыздың поэзиясынан «Абай әлемі» атты республикалық конкурс өткен, сол байқаудың да лауреаты болдық. Кейін «Жас қанат» атты республикалық байқаудың лауреаты атандық. Біздің үлкен сахнаға қадамымыз байқаулардан басталды. Сол «Жас қанат» байқауынан соң бізге «Славян базары» байқауына жолдама берілді. Бірақ сол кезде біз продюсермен жұмыс істей бастаған едік, сонда продюсеріміз ол байқауға жоспарымыздың сәйкес келмейтініне байланысты қатыспайтынымызды айтты. Расында да, шет елге шығып, қазағыңды таныстыру үшін де ол кезде әуелі өзіміздің елімізге танылғанымыз дұрыс болды. «Баласы бәйгеде шапса, анасы үйде тақымын қысады» дейді ғой, өзіңнің қазағың өзіңе тілеулес болып отырса, халықтың батасымен аттансақ деген үмітпен қалып едік. Қазірде де, алдағы уақытта да байқауларға қатысу жоспарымызда бар. Сондықтан ешқашан байқаулардан бас тартпаймыз.
- Рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұқбаттасқан: Ардақ Құлтай
Сурет: топ мұрағатынан