- Негізгі бет
- Музыка
- Меломан жұмағы: Винил...
Меломан жұмағы: Винил сататын дүкендер
Музыканы өмірінің мәніне айналдырған жандар үшін Лондон, Рим, Париж сынды өнер ордаларының винилді қазына қоймалары туралы ақпарат аса құнды болары анық.
Жыл сайын үздік күйтабақ қоймалары көптеп жабылып жатыр. Себебі, техникалық даму нәтижесінде, соңғы кездері тыңдарман күйтабақ сатып алғанға қарағанда ғаламтор арқылы музыка тыңдауды сәнге айналдырған.
Дегенмен, ескіліктен де көркемдік көріп, көне дүниелер жанына жылу сыйлайтын жандар үшін біз әлі күнге жұмысын тоқтатпаған бірқатар еуропалық үздік таспа дүкендері туралы танымдық ақпарат беруді жөн көріп отырмыз.
Sounds Of The Universe (Лондон)
Лондонға бара қалсаңыз, метромен Picadilly Circus аялдамасынан шығып, алаңға қарай бет алыңыз. Кейін Шафтсберри авенюмен жүріп отырсаңыз, Бервик-стритке жетесіз. Бұл қиылыстың суреті өз заманында Oasis рок тобының бір альбомының мұқабасында болған. Осы жерде орналасқан саз таспаларын сататын қазыналы қоймалар сағат 11-ден кете ашыла бастайды. Көптеген тыңдармандардың жердегі жұмағына айналған Бервик-стрит қазір қүш-қуаты қайтқан қарияға ұқсайды. Осыдан бірнеше онжылдықтар бұрын тасы өрге домалаған таспа дүкендері жабылып қалған. Бірақ, бақытымызға орай, атақты Сохо кварталындағы (нақтырақ Broadwick street) Sounds Of The Universe күйтаспа қоймасы құлақ құрышын қандырар саз таспаларын әлі сатып тұр.
Бұл дүкен аты жер-жаһанға мәшһүр Soul Jazz Records лейблімен (тауар белгісі) тікелей байланысты. Аталмыш мекеме қазіргі заманның музыкасына деген өткір түйсігі мен құнды қазынасы арқылы танымал. Олар коллекциялық қайта шығарумен айналысады. Оның қорынан таппайтын дүниеңіз жоқ. Жаңаорлеандық фанк, чикаголық эйсид-хаус, бразилиялық постпанк, кингстондық регги, джаз, венесуэлалық техно, үндістандық диско, нигериялық калипсо... Бәрі, бәрі осында...
Айрықша атмосферасы мен құнды қорының арқасында Sounds Of The Universe дүкенінде музыканың шексіз құдірет екенін іштей түйсіненсіз.
Born Bad (Париж)
Born Bad Бастилия алаңынан 5 минуттық жерде орналасқан. Жоғарыда атап өткен лондондық Sound Of The Universe дүкені секілді бұл да Soul Jazz Records лейблімен симбиотикалық қатынаста. Born Bad тривиальды емес, яғни баламасыз және түпнұсқа таспалар шығаруымен ерекшеленді. Мысалы, аталмыш дүкен 90-шы жылдары галльдік психоэстрадаға жататын Wizzz! таспасын шығарған еді. Бұдан өзге дүкен қорында ұлттық және колониялық жәдігерлер де сақталған. Камерундық джаздан бастап Dorian Pimpernel секілді шансон-электроникаға дейінгінің бәрі бар.
Бірақ, аталмыш дүкен басқаларына қарағанда санынан гөрі, белгілі бір музыкалық бағыттағы үлкен таңдау ұсынуымен ерекшеленеді. Мысалы, Сорбоннға жақын маңдағы Crocodisq дүкенінде түрлі бағыттағы таспалар көптігі сонша, оны аралап бітіру мүмкін емес. Ал, Born Bad қоймасында гитаралық рок бағытына көп көңіл бөлгендіктен, ондағы таспалар панктан бастап психобиллиге дейінгі диапазонды қамтиды.
Айтпақшы, дүкенге жақын тұста Café de L`industrie аталатын жайлы орын бар. Ерекше күйге енгісі келетіндер үшін онда су жаңа таспа тыңдау мүмкіндігімен қоса, франциялық сапалы шарап дәмін татуға да болады.
Soul Food (Рим)
Soul Food дүкені Колизейден 10 минуттық жерде орналасқан. Бір қызығы, мұнда таспалар дүкендегідей орналастырылмаған, касса маңында шашылып жатады. Дүкен иесінің Hate Records аталатын жеке лейблі бар. Олар италиялық панк-рок, пост-панк (Diaframma тобы секілді) және Клема Сакко стиліндегі комедиялық рок-н-ролл бағытындағы таспалар шығарумен айналысады. Бұл жерден жергілікті, яғни, ұлттық өнімдермен қатар жақсы ағылшын тілді рок пен поп-психоделия бағытындағы күйтабақтар да табылады.
А. Оралқызы