Бұған дейін "Қазақстан дауысы" жобасынан әнші Медеу Арынбаевтың кетіп, оның орнына Рүстем Нұржігіттің келгенін жазған едік. Бұл материалымызда Рүстем Нұржігіттің өмірбаянына қысқаша тоқталамыз.
Рүстем Нұржігіт 1995 жылы Арман Дүйсеновпен бірге «Достар» атты топ құрып, республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, «Көрермен көзайымы» жүлдесіне ие болды. 1996 жылы Алматы облыстық әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен «Алмалы» фестивалінде дипломант атанды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде де бақ сынаған. 2002 жылы «Жас қанатты» көрермен ретінде тамашалап отырып, Бейбіт Қошқалиевтің сахнада өзін-өзі ұстауына, өнеріне тәнті болған. Рүстем Бейбітке дарынды сазгер Ринат Гайсиннің музыкалық жағынан көмек бергенін де естиді. Байқаудан соң Бейбітпен жақын танысқан. Көп уақыт өтпей Нұрлан Абдуллин және Ринат Гайсиннің жетекшілігімен Бейбіт екеуі «КZ» тобын құрды.
Әнші "Аңыз Адам" журналына берген сұхбатында өзі туралы біраз мәлімет беріпті. Рүстемнің әкесі Өмірбай мен анасы Күнсұлу Шымкенттегі музыкалық училищенің вокал бөлімін бітірген соң жолдамамен Қызылорда қаласына барып, еңбек жолын сол жерде бастаған. Рүстем отбасындағы үшінші перзент, Сыр бойында дүниеге келген. Екі жасында ол отбасымен бірге Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласына қоныс аударған. Әкесі сондағы музыкалық училищеде оқытушы, кейін музыка мектебінің және мәдениет үйінің директоры болып қызмет еткен. Әкесі 38 жасында өмірден өтіпті. Анасы әлі де өнер жолында, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында хор әншісі.
Әкесі Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның домбыра және күй өнері бөлімінде де білім алған. "Сондықтан, әншілік – анамнан, күйшілік – әкемнен жұққан деп білемін. Әпкелерім Дана және Элиза да, мен де Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернатты тәмамдадық. О баста мен әпкелерім сияқты фортепьяно сыныбында оқып жүргем. Үзілер шағын іштей сезген болар, төсек тартып жатқан әкем шақырып алып, домбыраны үйренуімді аманат етті. Ол кезде жасым 12-де еді. Әке тілегін орындау үшін домбыра сыныбына ауыстым. Шыны керек, көзі тірісінде әкем тартқан күйлерді тыңдап, оңашада сәл дыңғырлатып қоятыным болмаса, домбыраға аса қызықпайтынмын. Аманат жүгі – ауыр. Қатарластарымнан қалмас үшін күніне 7-8 сағатымды домбыраға арнадым. Нәтижесінде оқу бағдарламасын толық меңгеріп алдым. Оқумен қатар, анамызға қолғанат болуға да тырыстық. 10-сыныпты бітіре сала Дана директордың рұқсаты бойынша, мектепте еден жуушы, сынып бөлмелерін тазалаушы болып жұмыс істеді. Элиза екеуміз де қарап қалмадық, әпкемізге өз әлімізше көмектестік. Қиын шақта бір-бірімізге сүйеу бола білуіміздің арқасында өмірден өз орнымызды таптық", - дейді әнші.