- Негізгі бет
- Музыка
- Медеу Арынбаевтың "Өмір-Өзен"...
Медеу Арынбаевтың "Өмір-Өзен" әні
Белгілі әнші-сазгер, ҚР мәдениет қайраткері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Медеу Арынбаевтың есімі аталса, қалың көпшіліктің ойына «Өмір-өзен» әні келетіні сөзсіз. «АБК» тобының құрамында бола тұра, әнші жеке шығармашылығымен дербес айналысып, қазақ әндерінің көбеюіне сүбелі үлес қоса бастады.
Медеу Арынбаевтың композиторлық шығармашылығы өткен ғасырдың соңғы жылдарында басталған-ды. 1997-1998 жылдары әнші «Дәурен-ай» әнін жазып, ақын Шөмішбай Сариевке барып, әдемі мәтін жазып беруін өтінеді. Ән әуенін сол жерде фортепьянода ойнап береді. Ақын әнді мұқият тыңдаған соң: «Мына әнің жақсы екен. «Өмір-өзен» деген өлеңім бар еді. Композитор болсаң, мына өлеңіме әуен жаз» деп қағаздарының арасынан «Өмір-Өзен» атты өлеңін алып береді. Әнші үйіне келген бойда, өлең жазылған қағазды алдына қойып, күйсандыққа отырып, «Өмір-өзен, қалай, қайтіп аққаның» деп ыңылдап айтып кетеді. Әндетіп кеткен әнші жаңа ән әуенінің жазылғанын байқамай да қалады. Дәл сол күні өмірге «Өмір-Өзен» әні келеді.
Келесі күннің ертесінде әнші ақын ағасына жолығып, жаңа әнді тыңдатады. Жаңа ән ақын көңілінен шығады. Өз кезегінде ақын Медеу Арынбаевтың алғашқы өтінішін орындап, «Дәурен-ай» әнінің сөзін жазып қойған екен. Осылай әнші ақын Шөмішбай Сариевтің екі өлеңіне әуен жазуының арқасында сазгерлікпен айналыса бастайды.
Көп ұзамай «Дәурен-ай» әні белгілі әнші, ҚР халық әртісі Нағима Есқалиеваның репертуарынан орын алады. Ал «Өмір-Өзен» әнін әнші өз репертуарына қосып, бейнебаян түсіреді. Бейнебаянда алқалы топтың арасынан көрінген бетке ұстар азаматтың балалық шағынан бастап, өміріндегі ең маңызды кезеңдері көрсетіледі.
«Өмір-Өзен» - кез келген уақытта, жөнсіз айтыла бермейтін ән. Классикалық үлгіде жазылған әнде балалық шаққа, жастық дәуренге, туған жерге деген сағыныш та, өткен өмірге өкініш те бар.
Өмір-Өзен
Әнін жазған: Медеу Арынбаев
Сөзін жазған: Шөмішбай Сариев
Өмір-өзен, қалай, қайтіп аққанын,
Асау ағыс толықндарын таппадым.
Қайта оралған наурыз-көктем құсымен,
Қайта оралшы, менің сәби шақтарым.
Қайырмасы:
Құстарым-ай, құстарым,
Қандай бақыт сенің биік ұшқаның!
Қайта оралшы, құстарым-ай, қанатым,
Күнімді іздеп көкжиекке қараппын,
Қайта оралмас өмір беріп жараттың.
Балалық шақ өтті қалай, сезбедім,
Ауылда жүр жәудіреген көздерім.
Қайта оралған наурыз-көктем құсымен,
Қайта оралшы, менің бала кездерім.
Қайырмасы:
Жадыраған әдемі еді-ау аспаным,
Өте шықты өткен өмір қас-қағым.
Қайта оралған наурыз-көктем құсымен,
Қайта оралшы, менің бала пәк шағым.
Қайырмасы.
Суреттер: kzmz.region.kz, yvi.kz, ademi-ai.kz
Ғ. Ұзақ