- Негізгі бет
- Музыка
- Мария Мудряк Ресейдің...
Мария Мудряк Ресейдің Үлкен театрында зор табыспен өнер көрсетті
«Астана Опера» театрының солисі Мария Мудряк Ресейдің әйгілі Үлкен театры сахнасында алғаш рет өнер көрсетті. Әртіс шілденің 25, 27 және 29 күндері Джакомо Пуччинидің «Богема» операсының премьерасында Мими бас партиясын орындады.
Осы маусымның соңғы тұсаукесері оразан зор табысқа кенелді. Тыңдармандар, қырағы сыншылар мен БАҚ өкілдері классикалық үлгідегі қойылымға таңғалыстарын білдіріп жатты.
«Московский комсомолец» көрнекті басылымының беттерінде сыншы әрі журналист Екатерина Кретова қазақстандық опера әншісінің орындаушылығын былайша сипаттап берді:
- Мими партиясындағы Мария Мудряк – өткен опера маусымындағы жеке-дара үлкен құбылыс. Ғажап дауыс. Жігерлі, өте әдемі, терең тынысты дауыс әрі тап-таза дауыс ырғағын ақылмен бақылауға бағындырған. Сонымен бірге 24 жасар әнші қиялға бергісіз көркем де сұлу, бұл оның кейіпкеріне ерекше сүйкімділік пен кинематографиялық шыншылдық бере түседі, - деп жазылған мақалада.
Жаңа сахналық нұсқа автор – ұлы композитор Джакомо Пуччинидің 160 жылдығына орайластырылған. Операны жасауға халықаралық команда атсалысты. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Жан-Роман Весперини (Франция), қоюшы-дирижері – Эван Роджистер (АҚШ). Сценограф – Бруно де Лавенер, костюмдер бойынша суретші – Седрик Тирадо, жарық бойынша суретші – Кристоф Шопен, бейне проекциялар бойынша суретші – Этьен Гиоль.
Мимидің ғашығы – Рудольфтың рөлін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «ЭКСПО-2017» бағдарламасы аясында «Астана Опера» театрының сахнасында өткен Пласидо Домингоның «Опералия» халықаралық опера әншілерінің байқауында Мария Мудрякпен бірге лауреат атанған итальяндық тенор Давиде Джусти сомдады.
Естеріңізге сала кетсек, Мария Мудряктың Мими партиясында алғаш рет өнер көрсетуі 2016 жылғы қараша айында «Астана Опера» театрының сахнасында өткен болатын.
А. Оралқызы