Танымал скрипкашы және дирижер Марат Бисенғалиев Алматыда құрылған жаңа симфониялық оркестрді басқаратын болады. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы мәдениет басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Жаңа оркестрдің концерт-презентациясы 10-12 қазан аралығында Республика сарайында өтеді. Шара Бірінші Бүкіләлемдік орындаушылық өнері өкілдерінің конгресі (The First World Congress for the Perfoming Arts) аясында өтеді. Мәдениет басқармасының баспасөз қызметінің айтуынша, симфониялық оркестрге 50 адамнан құралған халықаралық музыканттар ұжымы мүшелік етеді.
"Оркестрде Батыс Қазақстан филармониясы мен Үндістан симфониялық оркестрінің тәжірибесі пайдаланылады. Бұл қос ұжым өте қысқа мерзім ішінде әлемдік танымалдылыққа ие болған өнерпаздар тобы", - делінген таратылған ақпаратта. Сонымен қатар, EMI, SONY BMG, Toccata Classic, Quartz, Abbey Road, Angels дыбыс жазу студияларымен бірігіп жұмыс жасау жоспарда бар.
"10 қазанда өтетін музыкалық кеште Карл Дженкинстің "Шәкәрім" атты туындысы орындалады. Бұл музыкалық ұжымның кәсібилігінің, шеберлігінің негізгі дәлелі", - дегенді де қоса айтты басқарма өкілдері.
Естеріңізге сала кетелік, Марат Бисенғалиев бұған дейін Батыс Қазақстан филармониялық оркестрін басқарды. Дегенмен жергілікті билік өкілдерінің шешімімен ансанбль тарап кетті. Бұл шешім Орал қаласының өнер қайраткерлерінің мәдениет басқармасына түсірген арызынан кейін қабылданды.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: Ярослав Радловский©