Макс Кавалера: "Домбыраның даусы керемет екен!"

Макс Кавалера: "Домбыраның даусы керемет екен!"

Трэш Метал (Thrash Metal) жанрында әлемнің үздік ондығына кіретін топ Soulfy елімізге келіп, Алматы және Қарағанды қалаларында концерт береді. Концерт 10 мамыр күні Алматы қаласындағы «Дафрик» клубында өтті. Ал Қарағандыда ертең болады. Макс Кавалера өз концертінің тұсаукесерін ашу мүмкіндігін еліміздің электродомбырамен ән айтатын тобы «Алдаспанға» сеніп тапсырды. Өз кезегінде Макс Кавалераға (Max Cavalera) еліміздегі тұңғыш электродомбыра авторы, «Алдаспан» тобының продюсері Нұржан Тойшы домбыра сыйлады. 


Әлем деңгейіндегі ауыр рок жанрында ән орындайтын Максқа бірер сұрағымызды қойған едік.

- Сіздің бұған дейін футболды өте қатты жақсы көретініңізді білетін едік. Соңғы кезде елдерді аралау турларында хоккейге арналған футболкаларды киіп жүрсіз. Хоккейге жарнама жасайсыз ба? Әлде қандай да бір хоккейлік командалардың жанкүйерісіз бе?

- Мен қандай спорт түрі болмасын, оларға қызыға беремін. Бірақ спорттардың ішінде ішіңді пыстырып, жалықтырып жіберетін гольф пен пинг-понг ойындарын ұната қоймаймын. Сондықтан да футбол және хоккей ойындарына арналған киімдерді жинағанды жақсы көремін. Менің дене бітіміме хоккейге арналған жейделер жақсы жарасатындықтан да кейбір концерттерімде сол ыңғайлылығы үшін ғана киіп шығамын.

- Макс, сіздің балаңыз бар. Жалпы әке ретінде баланың рок мәдениетіне қызығушылығы мен сезімін қалай арттыру керек деп ойлайсыз?

- Отбасым менің айналысатын ісіме бей-жай қарамайтын. 1993 жылы балам өмірге келген кезден бастап мен бар шығармашылығымды онымен байланыстыруға тырыстым. Кеңеске келер болсақ, егер балаңызда дарын болса, әсіресе музыкалық қабілеті болса оған барынша көмек беріп, қолдау көрсетіңіз дер едім.

- Өміріңізде ең ерекше қандай сыйлық алдыңыз?

- Soulfly-дің 1997 жылы бірінші альбомы шыққан кезде маған бір көрерменім пластиктен жасалған адам нәжісінің мүсіншесін сыйлаған. Ал тобымыздағы бас гитарада ойнайтын Тони Кампосқа жанкүйерлерінің бірі жасанды аяқ (протез) сыйлапты. Міне, сондай есте сақталып қалатын сыйлықтар болған.

- Сіздің әндеріңізді бөгдеғаламшарлықтар естісе қалай болады деп ойлайсыз? Оларға ұнайды деген ойдасыз ба?

- Әрине! (күлді)

- Макс, трэш метал жанрында тоқырау бар сияқты, қалай ойлайсыз?

- Біз өнеге алған 80-90 жылдардың рок топтары өте көп. Меніңше, біз сияқты солардан үлгі-өнеге алғандардың басы құралмайды. Кейінгі кезде барлығы өз алаңында ғана өнер көрсетіп, әрқандай бағытта айтатындықтан бұл жанрда тоқырау бар сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен олай ойламаймын.

- Қазақстанға қандай жобамен келдіңіздер? Бұл ұсынысты сіздерге кім жасады?

- Негізінде ұсыныс Корн деп аталатын топтан келіп түсті. Олар бізге Қазақстанның екі қаласы – Алматы мен Қарағанды қалаларына келуді ұсынды. Бізге Алматы өте ұнады. Әсем таулар адамға рухани байлық сыйлайды екен. Ал сіздер сыйлаған мына домбыраның даусы керемет екен!

Ардақ Құлтай

Сурет: Ардақ Құлтай

А. Құлтай