Әнші Мәдина Сәдуақасова Ел арнадағы "Жарайсың" бағдарламасының режиссері Олжас Смағұловпен отау құрды. Бұл туралы кеше "Жарайсың" бағдарламасының продюсері Асхат Садырбай өзінің туиттердегі парақшасында "Ел арнаның" директоры Серік Аббас-Шахтың фэйсбуктегі жазбасына сілтеме жасай отырып мәлімдеді.
Мәлімдемесімен қатар Асхат Садырбай мыңдаған жігіттің арманына айналған сұлуды қолына қондырған серінің суретін де жариялады.
Асхат Садырбайдың туиттердегі парақшасынан алынған сурет. Суретте: Олжас пен Мәдина
Бұл хабарды Мәдинаның өнердегі құрбысы айтыскер Айнұр Тұрсынбаева да өз оқырмандарына жеткізді. "Мәдина құрбымызды ақ босаға аттап, отау тіккен қуанышымен құттықтаймын!", – деп жазды ол өзінің туиттердегі парақшасына.
Жағымды жаңалықты нақтылау үшін Мәдинаға хабарласқанымызда әншінің администраторы әзірге ештеңе деп жауап бере алмайтынын айтқанымен, жаңалықты жоққа шығармады. "Той әлі болмады. Бірақ болуы мүмкін", – деп қысқа қайырды ол.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 2006 жылы Мәдина Сәдуақасова Президент оркестрінде жүргенде танысқан офицер-лейтенантқа тұрмысқа шығып, дәм-тұзы жараспай ажырасқан болатын.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Басты сурет: vk.com