- Негізгі бет
- Музыка
- Мәдени іс-шаралар қауіпсіз...
Мәдени іс-шаралар қауіпсіз болмақ
Бұдан былай Алматы аумағында өтетін бұқаралық мәдени шаралар кезінде қауіпсіздік мәселелері айрықша күшейтіледі. Әсіресе, Алматы күні аясындағы мерекелік шараларда барлық шұғыл қызметтер бірлесе әрекет ететін болады.
Бұл туралы бүгін қала күнін тойлау мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында Алматы қаласы мәдениет басқармасының жетекшісі Қайрат Көлбаев айтты. «Мен қала күні аясындағы шараларда ғана емес, бұдан былай қала аумағында өтетін барлық мәдени шара кезінде қауіпсіздік мәселесі күшейтілген жағдайда өтетінін ресми түрде мәлімдеймін. Осы кезге дейін жіберілген кемшіліктер ескеріледі. Сонымен бірге, келешекте бұқаралық шаралар үшін ерекше регламент бекітіледі. Әзірше оның кейбір нормативтері өңдеуді қажет етеді. Бұл құжат талаптарын бұқаралық мәдени шаралар өткізетін жеке ұйымдар да сақтауы керек. Ал Алматы күні аясындағы шараларға келсек, қауіпсіздік жағынан ешқандай проблема болмайды», - дейді Қ.Көлбаев.
Биыл қыркүйектің 7-сінде Шаңғы трамплиндерінің «Сұңқар» халықаралық кешенінде өтетін «Алматы - іңкәрім менің!» ретрофестивалінде де қауіпсіздік шарасы күшейтіледі. Бұл күні жергілікті күзет мекемесі ҚР Президентінің күзет қызметімен, жеке күзет құрылымдарымен, төтенше жағдайлар қызметімен, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік бөлімшелерімен, жедел жәрдеммен және басқа да шұғыл қызметтермен өзара байланысты әрекет етпек. 14-ші рет өткелі отырған ретрофестивальге қазақстандық өнер иелерімен қатар швециялық E-Type пен Army of Lovers, германиялық Сандра, ресейлік Турецкий хоры мен Натали және басқалар қатысады. Кештің тосын сыйы көп, отты думан қойылып, стадионмен жүк көлігі жүріп өтеді, концерттің тұрақты жүргізушілері Нағима Есқалиева мен Сағынай Абдуллин «музыкалық жекпе-жекке» шыққан әншілерге қазы болады.
Жолдаған: Болатбек Мұхтаров
Сурет: ktk-tv.kz
А. Құлтай