Луина мен Әли ел назарында

Луина мен Әли ел назарында

Биыл жас әнші Луина үшін қызу еңбек пен жеміске толы жыл болғалы тұр. Мұндай болжамды Луинаның жыл басындағы жаңалықтарына қарап айтуға әбден болады.

Ол жанкүйерлеріне өзін тағы бір қырынан көрсетуге бел буып отыр. Әнші танымал продюсер Баян Есентаеваның жаңа жобасында актриса ретінде көрінетін болады. Ресейлік "Один в один" жобасының қазақша нұсқасының көрсетілімі ақпан айының соңына жоспарланған. Дегенмен, әлеуметтік желілерде Луинаның Тина Тернердің рөліндегі жұмыстарының үзінділері пайда болып үлгерді.

Луинаның продюсері Жомарт Сүлейменовтың айтуынша, әнші Баян Мақсатқызының ұсынысын қуана қабыл алып, түрлі актерлік шеберлік курстарына қатысып, өзін барынша дамытып жүргенге ұқсайды.

Ұйымдастырушылар өте жарқын, қызықты музыкалық шоуды уәде етіп отыр. 


Луина арудың тосын сыйлары мұнымен бітпек емес. Өнер иесі жас талант Әли Оқаповпен бірлесе орындаған «Ол махаббат» әнін тыңдарманына ұсынды.

Бұл дуэт ұзақ уақыттан бері күтіліп келеді. Композицияның жұмыстары өткен жылдың күзінде басталған. Айтпақшы, Әли Тасқынұлы бұл дуэтте орындаушы ғана емес, әннің авторы да саналады екен. Олар мұнымен тоқтамай, бейнебаян түсіруді де жоспарға алып отыр. Түсірілім орны ретінде әдемі пейзажымен атағы шыққан әрі қазақстандық шоу-бизнесте ерекше танымалдылығы бар Украина мемлекетін таңдаған. Жаңа туынды тыңдарман жүрегінен орын алып, хит әнге айналады деп сенеміз.

Луина биылғы жылғы жаңалықтарының қатары әлі де көп екенін айтады. Әншіге, сәтті жыл болсын деп тілек білдіреміз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: yvision.kz, season.kz