Қазақстандық әнші Луина (Луиза Каринбаева) Ресейдің атынан "Евровидение-2013"-ке қатысуға өтінім білдірді. Бұл туралы әншінің продюсері Жомарт Сулейменов Tengrinews.kz ақпараттық порталының тілшісіне хабарлапты.
«Қазақстан бұл байқауға қатыспайтын болғандықтан, біз басқа жолмен баруға тырыстық. Біз Gimme Gimme трекімен осы байқауға қатысу өтінішін білдіріп қойдық. Бұл ән барлық талаптарға сай келеді. Қатысушыларды іріктейтін компания өкілдері өтінішімізді мақұлдап та қойды. Байқауда басқа елдің азаматы өзге елдің атынан шыға алады», - дейді Сүлеменов.
Еске сала кетейік, осындай оқиға өткен жылы болған еді. Онда қазақстандық әнші Дария Габдулл "Евровидение-2012"-ге Швецияның атынан қатысуға өтінім жасап, алайда кастингтен өте алмап еді.
Айта кету керек, Ресейдің атынан нақты кім шығатынын «Первый канал» анықтайтын болады. Ресейлік арна қай әншіні, қай әнімен шығаруды өзі таңдау құқығына ие. Арнаның сайтында Ресейдің атынан кімнің байқауға қатысатыны жақын уақытта белгілі болатыны жазылған.
Биылғы байқау Швецияда өтеді. Бұл байқау осымен 58-рет өткелі отыр.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: tengrinews.kz