Көптің көзайымына айналған актер Ли Мин Хоның назары Сюзи есімді әнші, актрисаға ауып, бұл жаңалық қос жұлдыздың жанкүйерлерін дүр сілкіндірді. Ли Мин Хо мен Сюзидің жігіт пен қыз болып кездесуге барып жүргендерін Сюзидің жанында жүргендер де білмеген екен.
Осы орайда, Сюзиді қазақ оқырмандарына толығырақ таныстырып өтуді жөн көрдік. Сюзидің толық аты-жөні – Пэ Су Джи. Ол – оңтүстік кореялық әнші, актриса, модель, miss A тобының мүшесі (miss A тобының бейнебаяндарын Массагет.кз порталы қазақша субтитрмен ұсынып келеді). 1994 жылдың 10 қазанында Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында дүниеге келген. Сеул мектебінде оқыған. Еңбек жолын онлайн дүкенде модель болудан бастаған Сюзи 2009 жылы іріктеуден өтіп жатып, JYP Entertainment компаниясының назарына іліккен. 2010 жылы Сюзи YP Entertainment-пен бірге жұмыс істейтін miss A тобының қатысушысы ретінде сахнаға шығады. Қыздар тобы «Bad Girl Good Girl» әнімен өнер жолына қадам басады.
Сюзи көптеген теле-шоуды жүргізген, біраз киноға, жарнамаға түскен. Соның ішінде "Архитектураға кіріспе" фильмінде Со Еннің рөлін сәтті сомдап шықты. Бұл фильм – Оңтүстік Кореядағы ең көп көрілген сәтті фильмге айналып, 2012 жылдағы "ең танымал он фильмнің" қатарына енді. Көрермен ықыласына бөленген фильмді Массагет.кз порталы қазақша субтитрмен ұсынған еді. Оны мына жерден көре аласыз.
Көптеген марапатқа ие болған сұлудың жеке өміріне тоқталсақ, ол биылғы, яғни 2015 жылдың 23 наурызынан бастап Ли Мин Хомен жақын қарым-қатынаста. 30 наурыз күні өткен miss A тобының "Colors" атты жетінші мини-альбомының таныстырылымында Сюзидің өзі алғаш рет жігіті жайлы сұраққа жауап берді. "Оның (Ли Мин Хоның - ред.) өте жылы әрі қамқор адам екенін түсінгеннен кейін оған деген қызығушылығым арта түсті. Біз бос уақытымызда кездесуді жалғастыратын боламыз", - деді әнші.
Айта кетейік, Сюзи – Оңтүстік Кореядағы ең танымал, ең сұлу медиа-тұлғалардың бірі. 2012 жылдың бірінші жартысында ең көп сұранысқа ие айдолдардың көшін бастаған.
Сурет: k-pop.ru, showasia.ru
Ұқсас жазба:
Miss A – I don’t need a man [“Жігіттің қажеті жоқ”]