- Негізгі бет
- Музыка
- ҚызПУ-дың 70 жылдығына...
ҚызПУ-дың 70 жылдығына арналған дүбірлі айтыс өтті (Фото)
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде 70 жылдыққа орай мерейтойлық апталық жалғасуда. Апталық аясында республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдығына орайластырылған жыр додасының басты мақсаты – қазақ қызына деген құрметті, жауапкершілікті көтеру, ұлттық мәдениет пен рухани құндылық мәртебесін арттыру, ұлт анасына, ұрпақ тәрбиешілеріне, ана-ұстаздарға, қыз-келіншектерге деген ілтипатты кеңінен насихаттау.
Арулар ордасында өткен суырып салма сөз айтысына елімізге танымал айтыскерлер: Балғынбек Имашев (Астана қаласы), Айнұр Тұрсынбаева (Астана қаласы), Нұрлан Жұмабек (Жамбыл облысы), Аяулым Жұмабекқызы (Алматы облысы), Жақсылық Орынбасар (Астана қаласы), Сара Тоқтамысова (Астана қаласы), Фархат Маратұлы (Алматы қаласы), Зура Шайдымұрат (Қытай Халық республикасы), Сырым Әуезхан (Астана қаласы), Арзыгүл Қайыңбекқызы (Алматы қаласы, ҚазМемҚызПУ дайындық бөлімі), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы) және Айсәуле Бейсенхан (Астана қаласы) қатысты.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері Жүрсін Ерман, «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Заң» газетінің бас редакторы Бекжан Әшірбаев, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры, ақын Рысбай Сәтімбеков, «Қыздар университеті» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев сынды белгілі тұлғалар болды.
Қазылардың ұйғарымымен бас жүлде - 500 000 теңгені белгілі ақын Балғынбек Имашев қанжығасына байлады. І орынға тігілген 300 000 теңгені Айнұр Тұрсынбаева жеңіп алды. 200 000 теңгеден тағайындалған ІІ орын Аяулым Жұмабекқызы мен Айсәуле Бейсенханға бұйырды. ІІІ орынды Сара Тоқтамысова, Зура Шайдымұрат иеленді. Жүлдегерлерге 150 000 теңгеден ақшалай сыйлық табыс етілді.
Кештен фоторепортаж:
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: Мassaget.kz
Н. Айдархан