- Негізгі бет
- Музыка
- "Қыз сыны" -...
"Қыз сыны" - ұлттық ажарынан ажырамаған қазақ аруы туралы ән
Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек,
Тұрғандай өзі қимылсыз билеп.
Иықтан шашы төгіліп жерге
Күмісті шашбау жарасар белге... Осы әнді естіген сайын қаймағы бұзылмаған қазақ салты мен дәстүрін бойына жинаған қазақ қызын елестетесіз. «Қыз сыны» деп аталатын бұл ән мәтінің авторы - ақын Құдайберген Қазыбек, ал әуенінің авторы әнші, композитор Марат Омаров.
Әнде суреттелетін қазақ қыздарын қазіргі кезде ұлттық бояуы мен ажарынан ажыраған арулармен алмастыра алмассың. Қазақ қызына тән сұлулық, ибалылық, сыпайылық бәрі, бәрі осы ән жолдарында баяндалып жатқандай. Ән көмейімізге оралған сайын қазақы ару қыздың сұлулығы арқылы халқымыздың төл дәстүрі де жаңғырып, жаңаратындай. Халықтың жауhарына айналған асыл туындыны нақышына келтіріп орындаған - әнде баяндалатын арулар секілді ерке апамыз еді. Кімді көксеп отырғанымды біліп отырған боларсыздар. Иә, ол Мәдина Ералиева болатын.
Әннің алғашқы орындаушысы болған Мәдина апамыз «Қыз сыны» әнімен егіз ұғымдай. «Қыз сынын» осы күміс көмей бұлбұлдың даусымен алғаш естіген қазақ жұртының есіне осы ән айтылғанда еріксіз ерке әнші қыздары түсері тағы бар. Бұл әннің дүниеге келгеніне 15 жылдың көлемі болып қалды. Нағыз қазақы болмысты бойына сіңірген қазақ аруын жырлап, әнге қосу екі ағамыздың ойында жүрген ой екен. Әннің өлеңін ең алғаш жазуды дұрыс санап, Құдайберген Қазыбек ағамыз қазақы аруды көз алдына елестете отырып шабытын шақырған. Өлең дүниеге келген соң Марат Омаров оған әуен жазуға кірісіпті. Ақырында дүниеге жаңа ән келіп, халық музыкасының қоржыны тағы бір тамаша туындыға көбейген. Қазақ қызының болмысын көрсететін әннің орындаушысын табу да үлкен сын еді. Сол кезде халықтың бұлбұл дауысты Мәдинасы есіне түсіп Марат Омаров әннің тізгінін соған ұстатады. Өзіне берілген ауыр жүкті түсінген Мәдина апамыз керемет деңгейде орындайды. Халықтың құлағына тез жетіп, аса сұранысқа ие болады. Егемендік алған жылдары қазақ төл дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында түрлі шаралар өтті. Сол шаралардың бірінде, Алматы қаласында өткен бір үлкен концертте «Қыз сыны» Бас жүлдені иеленген. Кейіннен Марат Омаров Францияға барғанда киім көрмесінде осы әннің шырқалып жатқанын естіп қуаныпты. Қазақ қызының нағыз болмысын шетелге танытқан әуен халық этнографиясына да өз үлесін қосқаны айқын.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: shymkent.gov.kz, mavlid-konkurs.ucoz.ru, drwares.net
А. Әбілхан