Хунан телеарнасының «Singer 2017» байқауының келесі кезеңіне дайындық кезінде қытайдың танымал әншісі Хан Хун Димашты іздеп келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Хунан TV-ның «Day Day UP» шоуының түсірілімінен кейін Хан Хун мен Хуан Ийшан Димашпен жолығуды ұйғарған. Хан Хун Димашқа ризашылығын білдіріп, әншілер көңілді әңгімелескен.
Хан Хун – 1971 жылы Қытайдың Тибет автономиялы өлкесінде дүниеге келген. Әкесі - қытай, шешесі - тибеттік. Танымал әскери әнші, жұлдыз, көптеген әннің авторы, 2013 жылғы «I am а singer» байқауының жеңімпазы. Қытайлық ірі музыкалық бәсекелердің бағалаушысы.
Айта кетейік, Хан Хунның ең беделді туындысы жетім баланың зарын суреттейтін «Таң атты» әні 2001 жылы жарыққа шыққан. Бұл ән көптеген сыйлықты жеңіп алған.
Қытайлық БАҚ-тарға берген сұхбатында Димаш Хан Хунды бұрыннан білетінін және «Таң атты» әнін алғаш рет 10 жасында естігені туралы айтып берген.
Еске сала кетейік, Димаш «Singer 2017» байқауының сегізінші кезеңінде осы «Таң атты» әнін шырқаған болатын. Бір өкініштісі, байқауға бір күн қалғанда Димашқа салқын тиіп, тамағы ауырып қалған. Сондықтан оған ауырғанды басатын дәрі еккен, осылайша сахнаға шыққан. Ал Хан Хун Димашқа өзі хабарласып кеңесін айтып, қолдау білдірген.