Қайсар Қытайда тұрады. 20 жастағы қазақ баласы Қытайдың ең үлкен Шинхуаше деп аталатын телеарнасында суретке түсіріп, тәжірибеден өтіп жүр. Ол Шанхай университеттер арасындағы әншілер байқауында бірінші орынды иеленген. Біз Қытайға жасаған сапарымызда Қайсармен кездесіп, жас әншіден сұқбат алдық.
– Қайсар, өзіңіз қай жерде туылдыңыз?
– Тарбағатай, Чиху қаласында туылыппын. Бұл Қытайдың оңтүстік-батысында.
– Ата-анаңыз қай жақтан?
– Ата-анам Құлжа, Күнес ауданынан. Анам Шихуында Әйелдер бірлестігінде жұмыс істейді. Әкем екі жаста болғанымда қайтыс болып кетті.
– Шанхайға келгеніңізге қанша уақыт болды?
– Жалпы Шанхайға келгеніме төрт жыл шамасы, ал оның алдында мен Нимбо деп аталатын шағын қалада Sine High school–де төрт жыл бойы білім алдым. Шанхайда көбіне қытай балаларымен көп араласқандықтан, олардан біраз нәрсе үйреніп, көзім ашылды. Демалыс күндері осы Шанхайдағы қандастарыма жиі ат басын бұрып тұрамын. Мен тілдесетін сол он шақты отбасы.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Ән айтқанды ұнатамын.
– Қандай әндер айтқанды жөн көресіз?
– Мен негізінен осы қазақтың халық әндерін қытай жұртына түсініктірек болу үшін қытай әуеніне машықтап айтамын. Қазақша әуендерді қос тілде, яғни қазақ және қытай тілдерімен араластырып орындаймын. "Дударай" әнін шырқаймын.
– "Дударай" туралы Қытайдағы қандастарымыз айтып жүр дегенді естігеніміз бар еді, осы жөнінде не айтасыз?
– Ия, рас. Ол Тасқын деген ағамыз болатын. Тасқын Пекинде өткен «Voice of China» бағдарламасында "Дударай" әнін айтып өте жақсы көрсеткішке жетті. Қазірде Қытайда қазақша ән айту кең тарауда.
– Өзіңіз қатысқан байқаулар туралы айта кетсеңіз?
– Шанхай университеттер арасындағы әншілер байқауында бірінші орынды иелендім. Қазіргі уақытта Шанши өлкесінде байқау болып жатыр, соның Топ-20-сына кірдім. Кейіннен 20 әншіден 6 әнші іріктеледі. Бұл байқау қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
– Қазақстанға барып көрдіңіз бе?
– Өкінішке орай, бармадым. Алайда өте қатты барғым-ақ келеді. Біздің университет Еуразия Ұлттық университетімен тығыз байланыста болғандықтан, менің қытай әдебиеті бойынша бакалавр мамандығынан кейін магистратураны, бұйыртса, сол жақта оқуыма мүмкіндігім бар. Қазір соған дайындалып жүрмін. Былайша, Шанхайда Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келіп оқитын ұл-қыздармен жақсы араласамын. Уақытты әрдайым бірге өткіземіз. Әсіресе Наурыз, Құрбан айт мерекелерін бірге тойлаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Роза Есенқұлова
Сурет: ©Роза Есенқұлова
Сұқбатты дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы