- Негізгі бет
- Музыка
- «Қытай дауысында» қазыларды...
«Қытай дауысында» қазыларды таңқалдырған қазақ жігітінің жолы болмады
Қытайда өтіп жатқан ән додасында қандасымыз Берік Ысқақтың бағы жанбай қалды. Бұл туралы 24.kz хабарлап отыр.
Берік Ысқақ өткен аптада ғана талантымен үш тәлімгерді өзіне қаратқан еді. Бірақ соңғы кезеңде жолы болмады. Оның айтуынша, бұл жолы жетекшісі табиғатына сай келмейтін әнді таңдапты. Соның кесірінен төмен дауыста орындап, өзінің қабілетін толық аша алмаған. «Дегенмен бұл жоба менің шығармашылығыма жаңа серпін берді», - дейді Қытайдағы қандасымыз. Естеріңізге салайық, 35 жастағы Қарамай қаласының тұрғыны Берік Ысқақ Бейжіңде өтіп жатқан «Қытай дауысы» жобасында испан тіліндегі "Volare" әнін шырқап, дүйім жұрттың қошеметіне бөленген еді. Ал екі жыл бұрын осы байқауға Тасқын есімді Қытайдағы қазақ қатысып, «Дудар-ай» әнімен қазылар алқасын жылатқан еді. Аталған жарыста оның да жұлдызы көп жанған жоқ еді.
Айта кетейік, Берік Ысқақ Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр ауданындағы Қарамай елді мекенінде дүниеге келген. 30 жасына дейін ол Үрімшіде тұрып, алайда кейін өз туған жеріне қайтып келген. Қазіргі уақытта ол жарымен бірге Іңкәр және Гауһар есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Сонымен қатар, өнерпаз Қазақстанға келгісі келетінін, алайда нақты мерзімін атай алмайтынын айтып берген-ді.
О. Сансызбай