30 қаңтарда Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында Қытай әртістерінің «Көңілді көктем мерекесі» атты гала-концерті өтеді, деп жазады astana.gov.kz. Чжэнчжоу ән-би театры мен Шаолинь (Shaolin) Тагоу ұрыс өнері мектебінің қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шығып, ешкімді бейжай қалдырмасы анық.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының хабарлауынша, өнерпаздар көрермен назарына ушу шеберлерінің қызықты да күрделі трюктерін, жоғары шеберлікпен орындалған билерін, жеке орындаушылар Эрху, Суо на секілді қытайдың ұлттық аспаптарында ойнау өнерін ұсынады.
Атақты Шаолинь (Shaolin) Тагоу ұрыс өнері мектебінің шәкірттері халықаралық кунг-фу турнирлерінің жеңімпаздары болып табылады, олар Афина Олимпиадасының жабылу салтанатына, Дуниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының, Азия ойындарының ашылу салтанатына, Пекиндегі жазғы Олимпиада мен паралимпиадалық ойындардың ашылу және жабылу салтанаттарына қатысуға шақырылған болатын.
Чжэнчжоу ән-би театры Қытай үкіметінің кәсіби көркемөнер ұжымы болып табылады, «Лотос» би сыйлығының бірнеше дүркін иегері. Би ұжымы көрермен назарына әсерлі аққулар биін, желпуішпен билеу өнерін, ұлттық билерін ұсынады.
сурет: astana.gov.kz