- Негізгі бет
- Музыка
- Қыдырәлі мен Қарақат...
Қыдырәлі мен Қарақат 15 жылдық мерейтойларын Түркияда атап өтіп жатыр
Қазақ эстрадасында ойып тұрып орын алған өнерпаз жұп - Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның шаңырақ көтергеніне биыл 15 жыл толып отыр! Өнерлі жұп сонау 1999 жылдың 20 тамыз күні неке суын ішіп, мәңгі бірге болуға уәделескен.
Қарақат Әбілдина баспасөз бетіне берген бір сұқбатында Қыдырәлі Болмановпен 1996 жылы 1 желтоқсанында жерлес ағасының мерейтойында танысқанын баяндаған еді. "Мен ол кезде он сегіз жаста едім. Бір-бірімізді ұнатып, 4 жылдай кездесіп жүрдік. Одан соң ғана шаңырақ көтереміз деп шештік. Ата-анамыздың келісімімен той жасап, барлық дәстүр-жоралғы бойынша отау тіктік", - деп есіне алады әнші. Сонымен қатар оларды ең алдымен өнер табыстырғанын жасырмайды.
Отбасы шырқының бұзылмауы үшін Қарақат Әбілдина ерлі-зайыптылардың арасында сенім мықты болу керектігін баса айтады: "Екеуміз отбасын жаңа құрған жылдары телефонда маза болмайтын. Ал мереке күндері, өзге де реті келген уақытта хабарласқан қыздарда шек жоқ. Оған қуанбасам, ренжімеймін. Жалпы, ерлі-зайыпты адамдарда өзара сенім мықты болуы керек. Онсыз болмайды. Қыдырды мүлдем қызғанбаймын деп айта алмаймын. Әйтпесе, сенің ол адамға деген сезіміңнің жоқтығын білдіреді. Балаларымның әкесі, өзімнің сүйіп қосылған жарым болғаннан кейін қызғанатыным рас. Бірақ мендегі қызғаныш есер емес, есті қызғаныш. Сондықтан саналы түрде қызғана білу керек. Ең бастысы жүректегі сенімге кіріп, бәрін де ақылмен шешу қажет. Сонда ғана махаббат мәңгілікке ұласады. Ерлі-зайыпты адамдарға отбасының шырқын кетіретін ауыр сөздер айтып, бір-бірінің көңілін қалдыруға болмайды. Барлығын таразыға салып, ақылмен өлшеп істеу керек. Жөн-жосықсыз қызғаныш жақсылыққа апармайды. Аллаға шүкір, жарым екеуміздің арамызда сенім, адами түсіністік, бір-бірімізге деген сезім бар. Біз ұсақ-түйек жайттарға ешқашан мән бермейміз",-дейді көпбалалы ана.
Бас қосқан 15 жыл ішінде өнерлі отбасында Бекболат, Иманәлі, Нұрәли, Айсұлтан есімді төрт ұл перзент дүниеге келген. Әншілікпен қатар, Қыдырәлі Болманов "Бал-бала" маркасымен қазақ тілінде ән айтып, би билейтін қазақи болмысты ойыншықтар шығарумен айналысады. Қол ұстасқан қос жұптың "Айналайын", "Бағым сен", "Ханзада", "Аяулым" сияқты бірнеше танымал әні де тыңдармандардың жүрегін жаулап, өшпес мұраға айналды.
Мерейтой қарсаңында екі жұп отбасымен Түркия еліне демалысқа аттанып, өздерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында бөлісіп отырды.
Сайтымыздың атынан өнерлі отбасына мықты денсаулық, бақ-береке тілейміз. Қазақ жастарына үлгі болардай осындай отбасылар көбейе берсін!
Дайындаған: Анар Мұстафина
Сурет: instagram.com
A. Mustafina