Ән салса, таңдайынан бал тамған қазақтың ерке әншісі марқұм Мәдина Ералиева ғұмырының соңғы жылдарында «Күрең күз» әнін шырқаған болатын. Халық жүрегінен орын таба білген бұл әнмен дүлдүл әнші Мәдина өмірімен қоштасқандай болды. «Күрең күз» әні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған. Авторы - күйші, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова.
Әнші-сазгер Гүлнар Дәукенова
«Күрең күз» әні 1999 жылдың қазан айында дүниеге келген екен. Күндердің күнінде түс мезгілінде Гүлнар Дәукенованы бір танысы қонаққа шақырады. Алайда, сазгердің қонаққа баратын құлқы болмай, оның үстіне көңіл-күйі болмай, ол үйде қалуды жөн санайды. Ойына бір әуен келіп тұрады. Бірақ, оның сұлбасы болғанменен, сыртқа шығара алмайды. Сазгер қолына Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағын алып, көңіл көтеру мақсатымен кітапты парақтай бастайды. Бір кезде көзіне «Күрең күз» өлеңі түседі. Өлеңді оқыған сазгер дереу әуен жаза бастайды. Түскі сағат 12-ден бастап жазыла бастаған ән таңғы 5-те ғана аяқталады. Осы уақыт ішінде сазгер біресе жылап, біресе мұңайып, қатты қиналады.
Таңғы сағат 8-де ол жұмысқа келеді. Әріптестері оған суық хабарды жеткізеді. Бірге жұмыс істеген жап-жас қызды өлтіріп кетіпті. Бір қызығы, сазгер ән шығарған уақыт аралығында қыздың өліміне байланысты қылмыс жұмыстары жүргізілген. Таңғы уақытта қыз көз жұмған екен. Сонда сазгер: «Менің қиналғаным бекер емес екен. Қыз жаны осы әнмен бірге шыққан ғой» деп болжайды. Жаназасын шығарғанда ішінен: «Әнімді өзіңе арнадым» деп, онымен қоштасады.
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/DQsp2D_TemE?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});
Бір күні сазгер теледидардан Мәдина Ералиеваның сұхбат берген бағдарламасын көріп, әнші әпкесіне хабарласады. Жаңа әннің жазылғанын, оның үлкен әсерде дүниеге келгенін айтып, домбырамен айтып береді. Әнді марқұм Мәдина ұнатып, оң бағасын береді. Кейін сазгер мен әнші жолығып әнді әрлеп, жаздыртады. Бір айдан кейін ән халық назарына ұсынылады.
«Күрең күз» әнін айтып, марқұм Мәдина елімен «қоштасты». Оның қамшы сабындай ғана қысқа ғұмыры бір жылдан соң, 2000 жылдың қараша айында үзілді. Күзбен бірге әнші Мәдина елімен қош айтысты.
Бұл әнді араға жылдар салып, сахнаға «Жігіттер» квартеті алып шықты. Халық та құлағына таныс әуенді жақсы қабылдап, өз еркесін сағынышпен еске алды.
КҮРЕҢ КҮЗ
Әнін жазған: Г. Дәукенова
Сөзін жазған: М. Мақатаев
Күп-күрең менің реңім,
Қош енді, қош бол, күрең күн!
Жаз келер және жап-жасыл,
Жақсылық тағы тілермін.
Жадырап өмір сүрермін,
Қош енді, қош бол, күрең күз!
Қайырмасы:
Қош енді, қош бол, күрең күз
Күрең мұң саған жібердім.
Күлермін деп ем түнердің.
Білермін қалай, білермін.
Жыртылып жатыр күрең жер,
Күрең жер - тозған кілемдер.
Күрең тау анау, күрең бел,
Күрең бел - жиған кілемдер.
Жаз келер және жап-жасыл,
Жасауын жердің түгендер.
Қайырмасы:
Қош енді, қош бол, күрен күз!
Ақ қысты тездеп жібергіз.
Ак қыстай әппақ бір елміз,
Ширығып біраз жүрерміз.
Қош енді, қош бол, күрен күз,
Шынығып өмір сүрерміз.
Қайырмасы:
Суреттер: wikibi.net, alashainasy.kz
writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/dQctjAhIAgo?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ