Жапонялық қонақтар – жұлдыздай жарқыраған сопрано Акико Хаякава және көрнекті маэстро Коичи Иноуэ елордалық театр сахнасында өнер көрсетеді. «Астана Опера» театрының Симфониялық оркестрі және қазақстандық опера жұлдыздары – Сүндет Байғожин мен Мейір Бәйнешов қатысады. Концерт қараша айының 5 күні «Жібек жолы» фестивалі аясында Мәрмәр залда өтеді.
Аса көрнекті жапондық композиторлар Коичи Киши, Тору Такэмицу, Дан Икума мазмұнды да, қызықты бағдарламада вокалдық және аспапты шығармалар қояды. Сонымен бірге, тыңдарман назарына батыс еуропалық классиктердің жауһарлары – Дж.Пуччини «Мадам Баттерфляй» һәм «Тоска», Дж.Верди «Сарай ақыны» һәм «Тағдыр күші», Дж.Россини «Севильдік шаштараз», В.А.Моцарт «Фигаро тойы» операларынан увертюралар, ариялар мен дуэттер ұсынылады.
Жапония – озық технологиялар мен көне көркемдік дәстүрлер елі. Жапон музыкалық мәдениеті вокалдық-аспаптық, театрлық және басқа жанрлар сан алуандығымен сипатталады. Халықаралық деңгейде мойындалған белгілі жапондық композиторлар Коичи Киши, Тору Такэмицу мен Дан Икума, жапондық классикалық музыканың түрлі дәуірін паш етеді.
Тамаша әнші-сопрано Акико Хаякава-Йокогама опералық театрының солисі, Токиодағы Кунитачи музык академиясының түлегі, жеке ән шырқаудан жапондық конкурстың бірінші сыйлық иегері. Вокалист Еуропа және Азия елдерінде үлкен табыспен өнер көрсетіп жүр.
- Мен орындайтын жапондық үш композиция – Жапония классикалық музыкасының үлгілері. Жапондық әнші ретінде мен оларды тыңдарманға ұсынғым келеді. Олар өте әдемі және тыңдауға тұрарлық! – деді Акико Хаякава. Әнші маэстро Коичи Иноуэге үлкен құрметпен һәм ыстық ықыласпен қарайды: «Ол тек тамаша дирижер ғана емес, сонымен қатар, операда білімі терең ұстаз».
Коичи Иноуэ Токионың Гагукей мемлекеттік университетін және «Санта-Чечилия» консерваториясын тәмамдап, «Ла Скала», Арена ди Верона, «Сан-Карло», «Ла Фениче», «Реджио» сияқты еуропалық ірі театрларда дирижерлік шеберліктің құпиясын меңгерді. Әйгілі дирижер жеке өмірінде де классикалық аспапты және опералық музыка жанкүйері, өзінің сүйікті музыканттары ретінде маэстро Вильгельм Фуртвенглерді, Артуро Тосканиниді, Герберт фон Караянды және басқаларын атады.
- Осы кеште орындалатын шығармалар тыңдарманның көңілінен шығатынына сенімдімін. Аталған концерт шеңберінде композитор Дан Икуманың «Юдзуру» («Тырнаның қауырсыны») операсынан Цуариясын ғана орындаймыз, алайда күндердің бір күнінде операны толығымен ұсынар едім. Біздің Акико Хаякавамен әріптестік құрғанымызға 10 жылдан асты, ол керемет әнші. Қазақстандық тыңдарманның әсем музыка кеші тамаша өткенін тілеймін, - дейді Коичи Иноуэ.
Акико Хаякавамен Коичи Иноуэ, Жапония мен Қазақстан музыканттары бірлесіп қоятын концерт екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты бекіте түсетін құнды шара болатынына сенімді.
Концерт Қазақстандағы Жапония елшілігінің қолдауымен өтеді.
Басталуы – 19:00. Билет бағасы – 2000 теңге.