Домбырамен ән айтуда бас жүлдені – Жақсыгелді Майасаров жеңіп, 1 миллион теңгені ұтып алса, халық аспаптарын қолдана отырып, эстрадалық ән орындау аталымы бойынша - Нұрболат Абдуллин де 1 миллион теңгені қанжығаға байлады. Бас жүлдені Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов табыс етті. Ал көрермендер көзайымы болған Әзиз Балтабекұлы ең жас әнші ретінде марапатталды.
Неге екені белгісіз, дәстүрлі ән кешіне фонограммалы ән нөмірлері көп енгізіліпті. Бағдат Сәмединованың ән орындауға кезегі келгенде алдын-ала жазылған дауыс ерте ойнап кетіп, әнші сахнаға шығып үлгермей қалды. Ал жанды дауыста ән тыңдауға келген жұртшылық наразылығын көрсетіп, "тірі дауыста ән салыңыздар" десті. Техникалық ақаулар үшін кешірім сұраған Майра Ілиясова мен Бағдат Сәмединоваға қала әкімі Ахметжан Смағұлұлы музыкалық сүйемелдеусіз ән орындап беруін және халықтың кешке тірі дауыста ән тыңдауға келгенін айтты. Мұны құп көрген "қазақтың Майрасы мен Бағдаты" бұлбұлдай сайрап ән айтқаны сол еді, халық орындарынан түрегеліп қошемет көрсетті.
Естеріңізге сала кетсек, «Күміс көмей, жезтаңдай» байқауын қыркүйектің 21-23-і аралығында Алматы қалалық әкімшілігі мен «Майра» продюсерлік орталығы ұйымдастырған еді. Жас дарындардың өнеріне еліміздің белгілі өнер қайраткерлері Нұрғали Нүсіпжанов, Бағдат Сәмединова, Еркін Шүкіман, Бағдат Тілегенов, Ахан Әбдуәлі т.б. қазылар төрелік етті. Қыркүйектің 21-22-сі іріктеу кезеңі Алматыда Ықылас атындағы халық аспаптар музейінде, ал қорытынды концерт 23-і күні сағат 19:00-де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті.
Кеште қазақ сахнасының майталмандары «ДосМұқасан» тобы, Нұрғали Нүсіпжанов, Жұбаныш Жексенұлы, Мәдина Сәдуақасова, Айгүл Қосанова сынды өнер тарландары мен өткен жылы осы «Күміс көмей, жезтаңдай» байқауының былтырғы және биылғы жеңімпаздары ән шырқады. Ескере кететін жәйт, биылғы байқауға жасы 18-ден кіші жастардың да өнері бәйгеге қосылған, ал былтыр байқау шарты бойынша тек 18-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысқан болатын.
Дайындаған: Ардақ Құлтай