«Кіресің жиі түсіме,
Дейсің бе "дәйім ескерсін",
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің?!»... Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мәдина Ералиеваның орындауында халық санасында сақталған бұл ән 1990 жылы жарық көрген. Ән авторы Қалдыбек Құрманәлінің ол кезде әлі отау көтермеген бойдақ кезі екен. Бір күні Алматы облысы, Бектұрсын аулында достары той жасап, автор сол жақта қонақ болады. Той тарқаған соң, сарқыт толы сөмкесін көтеріп Алматыға тартады. "Жатақханаға барсам, ұйықтап қалармын, одан да жұмысқа бара берейін" деген оймен Жазушылар одағына беттейді. Таңмен таласып жеткен жас жігітті күзетші көңілсіз қарсы алады. Ішке кірсе, түнде осында түнеп қалған Жарасқан Әбдірәш ақын жүр екен. Ауылдан құр қайтпай, ыңылдап бір әуеннің басын бастап келе жатқан сазгерге ақынның жолыққаны қандай жақсы болды! Жаңа әннің туындап келе жатқанынын айтып Қалдыбек Құрманәлі Жарасқан ағаға қолқа сала бастайды. Тойдан әкелген сарқытын алға тартып, ағасының көңілін аулайды. «Жүз грамды» сарқыттың сары қымызындай көріп сарқып ішіп отырып, сазгер ақынға сәтсіз махаббаты жайында айтып, ағынан жарылады. "Үйленеміз" деп уәде байласып жүрген қызын үйіне іздеп барса, басқа біреудің алып қашып кетіп, "кешірімге" құдалар келіп жатқанының үстінен түскенін баяндайды. Қызға өкпелеп, бұлқан-талқан болып ашуланғанын да бүге-шігесіне дейін айтып береді. "Өлең тағдыр жайлы болса, дұрыс болар еді" деп өз ойын да білдіреді. Ойға батып, толқып тыңдаған Жарасқан көкесі "Тағдырдың салған ісіне, не істерсің жаным, не істерсің?" деп інісін жұбата отырып әрі тоғыспаған тағдырларға арнап төрт шумақ өлең жазып береді.
Әннің авторы - сазгер, Қалдыбек Құрманәлі
Ән мәтінінің авторы - ақын, Жарасқан Әбдірәш
«Тоқсаныншы жылдардың басында Жарасқан Әбдіраштың шығармашылық кеші өтіп, Бибіажар Махамбетова әнді алғаш рет "Орталық концерт залында" шырқады. Бір күні Мәдина Ералиева маған хабарласып, "жақсы әндерің бар екен ғой, мен айтсам қалай қарайсың?" деді. Ол кезде менің "Қариялар азайып бара жатыр" деген танымал бір-ақ әнім болатын. Мәдина жаңа туындыны "Тамашада" орындап, бірден халыққа жарқ еткізді» - дейді ән авторы.
Әнші Мәдина Ералиева
Күміс көмей әнші Мәдина мәңгілік сапраға аттанып кеткен соң бұл әнді орындау көптеген әншілердің еншісіне тиді. 2001 жылы арада бір жыл уақыт өткенде әншіні еске алуға арналған кеште "Кірмеші жиі түсіме" әнін Қыдырәлі Болманов егіле айтып, өнердегі әпкесін сағынышпен еске алған. 2005 жылы Қалдыбек Құрманәлінің алғашқы шығармашылық кешінде бұл әнді Ақбота Керімбекова, 2007 жылы өткен кездесуде Жеңіс Ысқақова өзіндік өрнегімен тыңдармандар назарына қайта ұсынған. Соңғы кездері жас әнші Асқар Жүнісбеков те өз репертуарына енгізді. Мәдинаның үнімен халық жадында қалса да, бұл ән әлі де қазақ сахнасында өз нақышы мен бояуын жоғалтқан емес.
Бұл әнде мәні жоғалмаған махаббат пен сәні жоғалмаған сезімдер сайрап жатыр. Әннің дүниге келуіне әсер еткен мынадай жағдай тек сазгердің ғана емес, басқа да ғашықтардың басынан өткені хақ. Содан кейін Қалдыбек ағамыз өз сүйгенін тауып, шаңырақ көтерді. Ал қазақ мәдениетінің тарихында орны ерекше тамаша лирикалық ән қалды.
Кірмеші жиі түсіме...
с. Ж.Әбдірәш
ә. Қ.Құрманәлиев
Қіресің жиі түсіме,
Дейсің бе «дәйім ескерсін»,
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің?..
Кірмеші жиі түсіме,
Жұлдыздай жанып өшкенсің.
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің,
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің?..
Кеше де кірдің түсіме,
Елесің кетпей естен шын.
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің?..
Кірмеші жиі түсіме,
Жұлдыздай жанып өшкенсің.
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің,
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным ,не істерсің?..
Бүгін де кірдің түсіме,
Басымнан бұлттай көшкенсің.
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің?..
Кірмеші жиі түсіме,
Жұлдыздай жанып өшкенсің,
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным ,не істерсің,
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным,не істерсің,
Тағдырдың салған ісіне
Не істерсің, жаным, не істерсің?
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: stotskie.com, dmk.kz, baq.kz, reiki-life.ru, writers.kz