«Қорқыт-қобыз» Гүлнұр Оразымбетованың жұлдызды әні

Әнші Гүлнұр Оразымбетованың есімі оның орындауындағы «Қорқыт-қобыз» әнімен танылған еді. Бұл әннің әуенін Рамазан Тайманов, ал сөзін Оңталап Нұрмаханұлы жазған.

Өткен ғасырдың соңы, яғни 1999 жыл «Қорқыт ата жылы» болып жарияланды. Айтулы игі шараға орай халықаралық деңгейде ғылыми конференциялар мен мәдени іс-шаралар өткізілді. Өнертанушылар Қорқыт мұрасын терең зерттесе, ақын-сазгерлер жыр шумақтарын арнаған еді. Соның ішінде «Қорқыт-қобыз» әні де бар.

Бір күні Рамазан Тайманов жас әнші Гүлнұр Оразымбетованы шақырып алып, сиясы кеппеген әнді тыңдатады. Қайырмасына келген кезде сазгер: «Қайырмасына қобыз үнін қосу керек сияқты. Сен қобыздың зарлы үнін шығара аласың ба?» деп сұрайды. Содан кейін әнші көмеймен қайлауды үйреніп, дауысымен қобыз үнін шығара бастайды. Кейін әнге ақын Оңталап Нұрмаханұлы сөз жазып береді. Әнді Болат Жүргенов есімді музыкант өңдейді.

Бұл кезде жас әнші «Жас қанат» байқауына қатысуға ниет білдіріп жүреді. Байқауда «Қорқыт-қобыз» әнін орындауға шешім қабылдап, ерекше сахналық киім тіктіреді. Әнді жаздырып, байқаудың екінші күнінде орындап, әділқазылар тарапынан жоғары бағаға ие болады. «Қорқыт-қобыз» әні жас әншінің байқауда топ жарып, жеңімпаз атануына жол ашады. Осылай әуезді ән жас әншінің жұлдызын жарқыратып, бағын ашады. Кейін әнші «Азия дауысы» халықаралық байқауына қатысып, «Қорқыт-қобыз» әнін орындап, бірінші орынды иеленеді. Сондай-ақ, ән байқауда «Ең үздік ән» және «Ең үздік сазгер» деген номинациялар бойынша үздік деп танылады. Көп ұзамай әнші «Қорқыт-қобыз» әніне бейнебаян түсіреді. «Қорқыт-қобыз» әні арқылы әнші есімі елге кеңінен жайылып, әншінің бағын ашқан әндердің біріне айналады.

Қорқыт-қобыз

Әнін жазған: Рамазан Тайманов

Сөзін жазған: Оңталап Нұрмаханов

Қорқыт бабамыздан қалған,
Қобыз - өкініш пен арман.
Тыңдасаң, сыр айтады,
Өкініп мұң айтады.

Оғыз - ұрпақтары тірі,
Қобыз заманының үні.
Бозінген боздағаны,
Жүректі қозғағаны.

Қорқыт, әруағы қозған,
Қобыз, қиялынан озған.
Шежіре шер артады.
Өнердің алды аспаны.

Қобыз - дүниенің шегі,
Қорқыт - тәңірімнің тегі.
Мәртігін мақұлдатқан,
Өлместің отын жаққан.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: slawyan.kazakcnr.com

writeFlash({"src":"https://www.youtube-nocookie.com/v/7bPYAG2UpEc?version=3&hl=ru_RU","width":"450","height":"330"});