- Негізгі бет
- Музыка
- Корея музыка индустриясы:...
Корея музыка индустриясы: мәселелер және оның шешімі
K-pop – қазір әлемдегі танымал жанрдың бірі, ал сол жанрдағы орындаушылардың басым бөлігі әлемдік сахнадағы болашағы зор әртістер қатарына жатады. Соған қарамастан кәріс музыка индустриясындағы қатыгездік, әділетсіздік пен шектен тыс талапшылдық дауға себепші болады. Кореяның жергілікті тыңдарманы продюсерлік компанияларды музыканттарға еркіндік бермейді деп сөксе, шетелдік фанаттар әншілерді токсинді индустрияның құрбаны деп санайды. Дегенмен мұндй әділетсіздік пен олқылық кез келген индустрияда кездеседі. Иә, кей-поп танымал жұлдыздардың мінсіз "инкубаторы" емес. Бірақ әлемдегі ең қатыгез жұлдыздар фабрикасына да жатпайды. Ендеше кей-поп индустриясы қалай жұмыс істейді және қандай мәселелер бар – бірге талқылайық.
"Сансыз" келісімшарт, сирек жарыққа шығатын музыка
Ең танымал қыздардан құралған k-pop тобы Blackpink толық форматты альбомын 2020 жылы ғана жарыққа шығарды. Ал олардың дебюті шыққалы төрт жыл өтті. Осы уақытқа дейін әлеуметтік желі қолдануышалыры топқа өзін көрсетуге мүмкіндік бермейді, олардың шоуы аз, қойылымы жеткіліксіз, әні де сирек шығады деп компанияға айып таққан. Соған қарамастан топтың танымалдығы жыл сайын артпаса, кемімеді. Ал компания мерчтерді сату, Samsung және Аdidas компанияларының жарнамасын жасау арқылы табыс тапты. Одан бөлек, Париждің сән үйлерімен тығыз байланыс орната білді: 2020 жылы Дженни – Chanel, Розэ — Saint Laurent, Лиса — Celine, Джису — Dior амбассадоры атанды.
Келісімшарттың бірден бірнеше жылға жасалатынын ескерсек, продюсердің негізгі мақсаты танымалдыққа ұмтылу мен шығармашылық тоқырау қаупі алдындағы тепе-теңдікті сақтау болады. Пандемияға дейін кәріс аудиториясы өзге аудитория сияқты жылдам контентке тәуелді болды: корей музыкалық индустриясында бір жылда бірнеше камбэк жасау тыңдарманнан айырылып қалмаудың амалы еді. Мұндай ырғақпен топтардың басым бөлігі бес жылдан артық жұмыс істеуге шамасы жетпейді: шығармашылық дағдарыс, денсаулықтағы олқылықтар, күйзеліс топтың тоқырауына әкеледі. Сондықтан тым белсенді "өндіру" үлгісінен біртіндеп бас тарта бастады.
Продюсерлік компаниялардың жайлы кеңсесінде отырып жасалатын жұмысына шектен тыс коммерциализация деп айып тағуға болмайды. Әдетте, кез келген продюсердің әртіске салған қаржыны өтеу жоспары бірнеше жылдан кейін қайтады деп жасалады. Ал Кореяда инвестиция әртістердің оқу кезеңінен басталады. Ондай кезеңді тыңдарманы әдетте "трейни" деп атайды. Мысалы, SM Entertainment басшысы Ли СуМан жасаған "айдолдарды" қалыптастыру жүйесі әншілердің сахнаға шығар алдында үш жылдан он жылға дейін дайындық кезеңінен өтуін талап етеді.
Кастингтер
Барлық агенттік ең алдымен әртістің сыртқы келбетіне мән береді. Одан бөлек, олардың музыкалық қабілеттері ескеріледі: әрбір агенттіктің өзіне ғана тән музыкалық бағыты болуы шарт. Кореядағы әр агенттіктің бағыты, стилі, жанры бөлек. Композициялар группа мен лейблдің концепциясына байланысты таңдалады. Шетелдік композиторлармен бірлесе жұмыс істейді. Мысалы Майкл Джексон мен Ариана Грандеге музыка жазып берген Клод Келли кореялық топ Wonder Girls-ке, ал Джастин Бибер мен Бритни Спирске музыка жазатын Мелани Фонтана BTS тобына "Euphoria" хит әнін жазған еді.
Корей лейблдерімен келісімшартқа отырған музыканттар өз альбомы үшін де музыкалар жаза алады. Егер ол агенттіктің концепциясына келмесе, оны өзге компанияларға сатады немесе компаниядан тыс жеке шығармашылығын паш ете алады. SoundCloud платформасында Хвиён өз музыкасын "0" лақапатымен бөліседі.
Егер соңғы жылдарға мән беретін болсақ, кей-попта еркіндік пайда болды. Олар музыка арқылы ойын еркін жеткізе алатын жағдайға жетті. Белгілі бір топтың орындаушысы бір уақытта бірнеше жобамен жұмыс жасай алады, соло альбом шығарып, өзге топ орындаушысымен бірлесе ән шығара алады. Ал келісімшарттың стандартты мерзімі 7 жыл болып бекітілді. Оған дейін алдыңғы буын әртістері "құлдық" келісімшартқа байланысты шу шығарып, сот арқылы шешкен кездер де болған. Мысалы SM Entertainment компаниясымен шулы даудан кейін кеткен TVXQ пен EXO топтарының мүшелерін айтуға болады.
Психологиялық соққы
Демалыссыз жұмыс пен қоғамның талаптары жаңа ғана сахнаға шыққан жас әртістің психикасына әсер етпей қоймайды. Бұл тек музыка индустриясындағы құбылыс емес, Кореяда барлық сала маманы осылай өмір сүреді. Күн көрісі үшін тыңбай еңбек ету, қатаң иерархия корейлердің күнделікті өмір салтына айналған. Кореяда сұхбат бергенде жеке өмірін ашық айтуға, психологиялық мәселелерін халық алдында шынайы жариялауға ресми тыйым болмаса да, қоғамда әлсіз көрінуге қарағанда, имиджін сақтап қалу әлдеқайда маңызды.
2019 жылы f(х) тобының мүшесі Соллидің қазасы Кореядағы интернет буллинг пен хейтерлер туралы ашық сөйлесуге себеп болды. Музыкант бойжеткен әлеуметтік желі қолданушыларының қудалауына ұшырап, жасырын камераға түсіретін алаяқтардың құрбаны болған еді. Заң шығару органдарында желідегі анонимді жағымсыз пікір жазушыларды (біреудің өміріне қол сұғатын) жауапкершілікке тартатын "Солли заңы" атты арнайы заң қабылдау жұмыстары біраз талқыға салынды. Бірақ ол да аяқсыз қалды. 2020 жылы корейлік ірі ақпараттық порталдары Nate, Naver мен Daum ойын-сауық айдарындағы өз еркімен пікір жазу мүмкіндігін алып тастады. SHINee тобының мүшесі Ким ДжонХённің қазасынан кейін анасы психологиялық көмек көрсететін орталықпен жұмыс істейтін арнайы қор құрды. Бұл жас әртістері көмек сұрап үйренбеген ел үшін маңызды қадам болды.
Сұлулық стандарты және этникалық ерекшеліктер
Болашағынан зор үміт күттіретін бағыт болса да, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Соның бірі – әншілердің сыртқы келбетінің маңыздылығы. Әсіресе, корей аудиториясы сыртқы келбетке келгенде белгілі бірі стандарт ережені ұстанады: аққұба, V-пішінді иек, қиылған қабақ, жіңішке әрі келісті мұрын. Компаниялар аудиторияның көңілінен шығу үшін бәрін жасайды. Тіпті, ұлты өзге болса да, корей стандартына сәйкес қыз-жігіттерді іздейді. Кейде пластикалық отаны талап етеді. Осыған дейін анасы америкалық, әкесі корей Вернон өзінің ерекше болмысы үшін халықтың наразылығына ұшырағанын бірнеше рет айтқан болатын.
Бір қызығы, YouTube желісінде танымал америкалық CoCo Avenue дуэті өзін алғашқы қара нәсілді k-pop тобы деп атайды. Дженна Роуз бен Дженни Лирик сүйікті әніне кавер нұсқасын жасап, кейін корей тілінде бірнеше ән жазған болатын. Олардың айтуынша, мақсаты – музыкаға қатысты нәсілдік бөлінуді жою. Дегенмен олар Кореяда аса сұранысқа ие бола қоймады, қызығушылық та аз болды. Олар продюсермен жұмыс істеген жоқ, ал сыртқы келбет мінсіз болмысқа сәйкес келмеді. Әзірге тек бірнеше ұлттан құралған музыкалық топ – Black Swan ғана. Топта сенегалдық Фату мен бразиль-жапон Лея бар. Әрине, олардың танымалдығы мен болашағы туралы айту әзірге ертерек.
Қазір көбі белгілі бір шектеулерді, қалыптасқан таптауырындарды жоюға барынша жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, мұны дұрыс емес дейтіндер табылады. Кез келген мәселе уақыт ағымына қарай шешімін табады. Корей музыка индустриясы да соны дәлелдейді.
Т. Есқали