- Негізгі бет
- Музыка
- Классикалық әуенді тыңдау...
Классикалық әуенді тыңдау қаншалықты дұрыс?
Жағымды әуен әрқашан көңіл-күйді көтеріп, жұмыс жасауға күш-қуат сыйлайды. Бүгінде музыканың бірнеше жанры бар. Жастар үшін поп, рок секілді жанрлар алдыңғы қатарда болса, ересектер джазды ұнатады. Бірақ, адамға тигізетін пайдасы жағынан классикалық музыка барлығын басып озатыны сөзсіз.
Вивальди шығармашылығы ми жұмысын реттейді
Антонио Вивальди — барокко дәуірінің ең атақты композиторларының бірі. Барокка музыкасы өзінің өлшемді темпімен (минутына 60 соққы) ерекшеленеді. Сонымен қатар, қосымша ноталардың үндестігі музыкаға жан бітіреді. Жанға жайлы баяу әуен ақыл-ойдың жұмысын жеделдете түседі. Мұны ғалымдар да дәлелдеп отыр.
Мысалы, 2007 жылы медицина және музыка мектептерінің қызметкерлерінен құралған Стэнфорд зерттеушілері тәжірибе жүргізеді. Зерттеу барысында адамдардың зейін қоя білуі, есте сақтау қабілеті мен болжам жасау мүмкіндігі қарастырылады. Оны барокка музыкасын тыңдау арқылы мидың жұмысын қадағалайтын құрылғы томограф арқылы іске асырады.
Зертеу қорытындысы қандай?
Мидың белсенділігі музыканың баяу аймағында, тыныштықпен астасқан тұсында арта түсетінін аңғарған. Бұл құбылыс тек Вивальдидің туындыларын тыңдаған сәтте ғана емес, Бах, Гендель мен Альбинонидің музыкаларында да байқалған. Классикалық әуендерді тыңдай отырып біз миымызды жаттықтырамыз. Оның жұмысының белсенділігін арттыра түсеміз.
Моцарт шығармашылығы оқуға қызығушылықты арттырады
Моцарттың туындылары тек ақыл-ойға ғана емес, денсаулыққа пайдалы екенін зерттеушілер әлдеқашан дәлелдеп қойған. «Моцарт құбылысы» терминін 1991 жылы Альфред Томатис енгізген болатын.
1993 жылы Фрэнсис Роше, Гордон Шоу және Кэтрин Ки Моцарттың бір сонатасы ойлау жүйесіне қалай әсер ететіндігіне зерттеу жүргізген болатын. Сынаққа қатысушыларға бірдей тасырмалар берген. Айырмашылық тек олар отыратын бөлмедегі музыкада еді. Үздік нәтижеге қол жеткізгендер Моцарттың туындысын тыңдаған екен. Ал, тыныштықта отырғандар мен ауызша қолдау алғандардың нәтижесі ойдағыдай болмады.
Сіз қандай композиторлардың шығармашылығымен таныссыз?
Т. Есқали