Бүгін жастарға арналған "Жұлдыз ФМ" радиосына танымал "КешYou" тобы қонаққа келді. Эфирде "Мамандық таңдау" тақырыбы талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Топтың жаңа құрамының құрылғанына 5 айдай уақыт болды. Жас арулар өз мамандықтарының сырларын бөлісіп, ауырлығы мен жеңілдігі жайлы әңгімеледі.
Ақбота Чайковский атындағы музыкалық колледждің 2 курсын аяқтады. Балжан Темірбеков атындағы колледжді қызыл дипломмен бітірді. Енді ол өз мамандығы бойынша шетелде білімін жалғастырғысы келеді. Ал Жұлдыз есімді ару мектептен кейін Жүргенов атындағы өнер академиясына түскен еді. Алайда апасы рұқсат бермей, құжаттарын алып кетіп, Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетінің әлем экономикасы мамандығына тапсырған. Қазір Жұлдыз 3 курсты тәмамдады. Бірақ бәрібір өнер саласынан алыс кете алмады. Апасы қызының бұл таңдауын қолдап, батасын берген екен.
Тыңдарманның "Жұлдыз, сен экономика дипломын не істейсің?" деген сұрағына: "Бір күні сандықтың ішінен алып шығамыз, өнерден кету керек кезде экономикалық дипломым қажет болады" деп жауап берді.
Өнер жолының қиындығы жайлы Жұлдыз ағынан жарылып: "Бастапқыда мен бірінші келген едім, бұл салада жұмыс істеп көрмеген соң басында қатты қиналдым. Жұрттың ауыр сөздері жүрекке тиіп, түнімен жылап шығатын едім. Анам "шыда, өнер жолындағы қиындықтарды өткерген сайын қайсар мінез қалыптасады" деп қолдау көрсеткенін айтты.
Балжан: "Өнер ордасына енді ғана қадам басып жатырмыз. Қызығы да, қиыны да алда. Дегенмен мен кішкентайымнан концерт, байқауларға қатысып жүрдім. Бірде мынадай қызық жағдай болды. Біздің Қызылордада маса өте көп. Ән айтып тұрғанымда аяғыма маса қонып, шаға бастады. Алдымда сахна толы халық. Сонда маса қонған аяғымды екінші аяғыммен үйкелеп жіберіп, ән айта бердім. Оны көрген адамдар әлі күнге дейін айтып, күледі" деп қызықты оқиғасын айта кетті.
Эстрада жұлдыздарының қызметі өзінше қиын. Жиі болатын концерт, кештерден қолы босамайтындықтан, демалыс уақыты көпке созылмайды. Бұл жайында "КешYou" тобының қыздары: "Жазда 10 күн, қыста 10 күн демаламыз. Басқа уақытта үнемі жұмыстамыз" деді.
Радио тыңдарманының "Бизнеспен айналысатын ойларыңыз бар ма?" деген сауалына қыздар: "Әншілікті бизнеспен бірге алып жүруге де болады" деп жауап берді. Демек ниет пен қаржының көмегімен кез келген істі бағындыруға болады. Бір мамандық иесі болсаңыз да, жүрек қалауымен басқа істі бастауыңызға болады.
"Әзірге біздің бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға аз уақыт болды. Алдымызда әлі талай жұмыс бар. Тәжірибе жинап, ән қоржынын толтыру керек. Топқа алғаш келгенде кесте ауыр болатын. Ерте тұрып, жүгіресің, жаттығасың, вокалға барып дайындаласың, ал кешке сахнаға шығып қалуымыз мүмкін. Күнделікті қарбаластан артық салмақтан да арылдық" дейді қыздар.
КешYOU тобының арулары қазіргі жұмыстарына риза екенін және таңдау жасауда қателеспегенін айтты. Жастарға мамандық таңдаудан қателеспей, өз мақсаттарына берік болуға тілек білдірді.