Твист - батыстың алғашқы және жалғыз би өнері. Твист биінің әлемдік сахнаға тез еніп, жолы болып кеткені рас. Өйткені ол жарыққа шығысымен-ақ халық алды-артына қарамай твистке билей берді, билей берді. Бүкіл әлемді би алаңында теңселткен твистің де өзіндік тарихы бар.
«Жай ғана екі аяқпен де темекі тұқылын мыжып жатырмыз деп елестетіңдер»... Твист биін үйренуге оңай мұндай тапқыр идеяны ұсынған «Кавказдық тұтқын әйел» кинофильміндегі Моргунов емес. Есіңізге түспей жатыр ма? Ендеше мына кинофильмнен бір үзінді қарап алыңыз:
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/DHNq1p01BOU","width":"450","height":"350"});
Бұл фразаның нағыз авторы, тек фразаның ғана емес, твист биінің де авторының аты-жөні – Чабби Чекер. Бұл биді Чабби Чекер 1960 жылы өмірге әкелген. Алайда, твист биі авторының құжат бойынша есімі - Эрнест Эванс. Ол Оңтүстік Филадельфияда тұратын кедей отбасында өмірге келген. Сол замандағы басқа да жалынды жастарға ұқсап Эрнест те рок-н-роллмен «ауырған». Өзіндей кедей балалар секілді ол да әмбебап дүкенде жұмыс жасады. Ол онда тауықтың жүнін тазалаушы болып жұмыс жасап жүріп, Элвис Пресли мен Фэтс Доминоларға пародия келтіріп кішігірім концерттер ұйымдастырып жүрді. Осы өнерімен дарынды жас жігіт өзі жұмыс жасап жүрген дүкеннің иесінің көңілінен шықты. Дүкен иесі Генри Кольт оны атақты тележүргізуші танысы Дин Кларкпен таныстырды. Дин Кларк Эрнестке дыбыс жазатын фирмамен келісуге көмектесті. Ал оның әйелі Эрнестке дыбыстық псевдоним ойлап тапты. Псевдонимі Фэтс Доминоға пародиялық көшірме болды. Ондағы fat сөзі «толық» сөзінің мағынасын берсе, ал chubby – «жалпақ бет» дегенді білдіреді (шынымен де, Чабби Чекер семіз болған). Ал domino-ға жауап ретінде checker фамилиясы берілді. Сhecker – «дойбы» деген сөз. Бұл сөз тегіннен тегін таңдалған жоқ. Өйткені Фэтстің торлы костюмдерге деген махаббаты тіпті ерекше болатын. Чабби Чекердың алғашқы жарқ етуін ешкім онша елей қоймады. Ол екінші рет «The Twist» деген әнмен сахнаға шыққаннан бастап әйгілі бола түсті.
Айтпақшы, ән Чекердің авторлық туындысы емес. «The Twist» әнін бір жыл бұрын ғана Хэнк Баллард орындап шыққан болатын. Шығарушы компания Чакердің өтініші бойынша бұл әнді күйтабақтың арғы бетіне сырғытып қойды. Чекер әнді өзі «тарқатып» айтуға шешім қабылдап, барлық телешоулар мен сахна төрлерінде осы әнді орындап жүрді. Атақты тележүргізуші Дин Кларк жүргізетін дәл сол телеарналық шоуда жоғарыдағы фраза алғаш рет айтылып, дәл сол уақытта жаңа би өмірге келеді. Дин Кларктың өзі рок-н-роллды билерге кертартпа көзқараста болған. Тіпті ондай биді мүлде ұнатпаған да. Қыздарды көтеріп алып, айналдырып билейтін және билеп жатқанда қыздардың етегі ашылып кететін бұл би оның көңіліне жақпаған көрінеді. Әйткенмен «Twist» сөзі де «айналдыру, бұру» деген мағынаны білдіреді. Бірақ бұл биде екінші адам өзі айналып, өзі бұралып билейді.
Мұндай сүйкімді де, "әдепті" (рок-н-роллды билермен салыстырғанда) би осыған дейін жарық көрген емес. Оны үйрену де қиынға соқпайды. Қолыңды ары-бері жұлқылап, артыңды оңға-солға бұлтақтатып, екі табаныңмен де темекі тұқылын мыжи бер. Тек биде бір ғана міндетті шарт бар: биші би арасында бір аяғымен жерді теуіп тұруы керек. Твисте екі адам билеуі міндетті емес. Ал егер серігіңіз табылғанның өзінде екеуіне арналған арнайы шарт жоқ. Бұл би дүниеге келгенде басқа-басқа қыз-келіншектер қатты қуанды. Енді олар жиын-тойларда ер адамның биге шақырғанын күтпей, өздері-ақ топ-топ болып бидің түбін түсіре беретін болды.
Чекер осы әнді айтып, билегеннен бірнеше келі салмақ тастағанын көпшіліктен жасырмаған.
1960 жылдың 19 қыркүйегінде Billboard-тың бірінші қатырынан «The Twist» әні бой көрсетті. 1962 жылы ән тағы да бірінші орынды еншіледі. Сол кездері тағы да «Let's twist again» атты сәтті ән өмірге келді.
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/eh8eb_ACLl8","width":"450","height":"350"});
Бұл ән алдыңғы аңызға айналған «The Twist» әнін басып озды. Әннің аудармасы:
«Қайтадан твист билейік»
«Әй, барлығың!
Шапалақ ұрыңдар!
Бәрің әдемі боп кетіпсіңдер!
Ал мен өз әнімді айтайын,
Бұл көп уақытты алмайды.
Біз твист билейміз!
Міне, осылай,
Дәл былтырғы билегеніміздей
Қане, қайтадан твист билейік!
Дәл былтырғы билегеніміздей
Қане, қайтадан твист билейік!»
- деп жалғаса беретін ән айтыла бастағаннан-ақ тыныш қарап тұратын адам болмады. Осылайша, твистің дәурені күннен-күнге дүркірей берді. «Let's twist again» бүкіл әлемді билетті. Тіпті твиске Виндзор герцогтары да билеп жатты. Чекер твист арқылы киімнен тамаққа дейінгі көптеген өнімдерді жарнамалады. Кейіннен ол твист туралы «Twist Around The Clock» кинофильміне түсті. Осы арқылы твисттің дүркіреген аты әлемнің түкпір-түкпірне жетіп жатты. Айтпақшы, Батыс халқы биге оң көзбен қарай алмады. Оған BBC аранасына шыққан батыстық бір оқытушының мына пікірі дәлел бола алады: «Меніңше, биші өте ыңғайсыз қимылдарды жасайды. Оның үстіне мен бұл биді жұпсыз билеуге мүлде қарсымын. Қыз би алаңына ешкім шақырмаса да шығып алып, адамның миына сыймайтын қылықтар жасағаны өте жарасымсыз».
Уақыт өте бұған да жұрт үйренді. Кейінірек твист биі «Кавказдық тұтқын әйел» кеңестік кинофильміне пайдаланылды. 1975 жылы «Let's twist again» қайтадан британдық хит-шерудің ондығынан орын алды. 1982 жылы Чабби Чекер «The Twist» әуенін қайта жаңғыртты. 1988 жылы Чакер твистің әнін Супрекубокте де шырқады.
Қазақ киносының мақтанышына айналған Ш. Аймановтың "Тақиялы періштесінде" де көрініс тапқан твист биінен біздің қазақ та хабарсыз емес. Бүгіндері арнайы би байқауларында ғана бой көрсетіп жүрген твиске біздің әке-шешелеріміз аяқтары талғанша билеген. Сенбесеңіз, "Тақиялы періште" кинофильмінен алынған мына үзіндіге назар салыңыз:
writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/hetvfYb10-4","width":"450","height":"350"});
Иә, солай, бүгіндері бидің түрі көп мына ғаламда твист те, оның атасы Чабби Чекер де тірі. Тарихы тым тереңде жатқан би өнерінің саңлағы саналатын твистің ғұмырлы болғанын тіледік.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: liveinternet.ru
Бейнежазбалар: youtube.com