ҚазҰУ-да дүбірлі айтыс өтті

ҚазҰУ-да дүбірлі айтыс өтті

«ҚазГУ-дың қалашығы – Көзімнің қарашығы» деп жырға қосқан Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне биыл 80 жыл толып отыр. Осы орайда университет көлемінде көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі жұрт асыға күткен аламан айтыс еді. Екі ай бұрын хабарланған дүбірлі айтысқа Алматы қаласының студенттері қатыса алады делінген болатын.

Айтысты аталмыш оқу орнындағы Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің «Жәдігер» клубы мен Журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы бірігіп ұйымдастырды.

Қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Бисенғали, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Бекжан Әшірбаев, "Қазақ әдебиеті" газетінің тілшісі, жас сыншы Бағашар Тұрсынбайұлы және танымал айтыскер Ретбек Мағазұлы болды.

Кеш тізгінін белгілі ақын Қайсар Қауымбек ұстады.


Журналистика факультетінің үлкен залы саналатын 3-залда бос орынның болмауы елдің айтысты сағынғандығының белгісі еді. Айтыскерлердің аузынан шыққан әр сөзге арқаланып-ақ отырды. Додаға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінен Аяулым Дюсекенова мен Жәнібек Бейбітов, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан Қуаныш Әлібек, Қайнар университетінен Айбек Бестенқұлов, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінен Нұрзат Қару (филология факультеті), Рауан Қайдаров (журналистика факультеті), Орынбасар Бақыткелді (журналистика факультеті), Манас Қайыртайұлы (филология факультеті), Марғұлан Ақан (филология факультеті), Амангелді Сейітхан (журналистика факультеті), Айтбек Тұрсынбаев (журналистика факультеті), Рахман Оразбай  (ЖОО дейінгі дайындық факультеті) қатысты.

Айтыс қорытындысы бойынша, жүлделі орындар төмендегідей болды:

1-орын: Амангелді Сейітхан (ҚазҰУ, Журналистика факультеті, 4-курс)

2-орын: Манас Қайыртайұлы (ҚазҰУ, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті, 3-курс)

3-орын: Рауан Қайдаров (ҚазҰУ, Журналистика факультеті, 4-курс)

3-орын: Рахман Оразбай (ҚазҰУ, ЖОО дейінгі дайындық факультеті)

Мұрат Шаймаран, ақын, журналистика факультетінің ұстазы:

– Айтыс керемет өтті. Кереметтігі сол – ақындар әуелі суырып салмалығымен айтыс жасады, яғни, айтыскерлерді көрермендердің көзінше жұптап берді. Осы ретте жастардың өздерінің тілімен айтсақ, біршама ысылып қалғандығы байқалды. Қайсыбірін алсаң да осал емес, Республика деңгейіндегі айтыстың біріне салып-ақ жіберсең де жерге қарап қалмайтыны көрініп тұрды. Ендігі керегі – мұндай өнегелі істердің көптеп ұйымдастырылуы.

Амангелді Сейітхан, айтыскер:

– Студенттердің арасында ғана өткендіктен айтыс орташа деңгейде болды. Дегенмен, ұйымдастыру деңгейі өте керемет болды. Осындай көлемде айтыс ұйымдастырып, жастардың елге өнерін көрсетуіне керемет жағдай жасап берген Самал Дәрібаев ағамыз бен Мұрат Шаймаран ағамызға үлкен рахметімді айтқым келеді. Ақындардың шабыттанып шабуына шапалақпен дем беріп қолдап отырған жанкүйерлерге де алғысым зор. Өзім төрт жыл білім алған Қазақ Ұлттық университетін 80-жылдық айтулы мерекесімен құттықтаймын, ұстаздар ұжымына татулық, бірлік тілеймін.

Манас Қайыртайұлы, айтыскер:

– Әрбір айтыс мен үшін тәжірибе. Кез келген ақын үшін де солай болса керек. Бізге бағаны халық береді. Ал бүгінгі айтысқа келер болсақ, деңгейі төмен бола қойған жоқ. Студент-ақындар қашанда жастықты, махаббатты жырлайды. Осы тұрғыда жас айтыскерлер жеңіл дүниені айтып қана қоймай, түйткілді ойларды жырларына түйреп отырды. Негізі бізде, Алматы қаласында айтыс салыстырмалы түрде айтсақ, өте сирек өтеді. Қазақты бөле-жару ойымызда жоқ, десе де басқа аймақтарға қарағанда айтыстың Алматыдағы көрермендерінің орны бөлек. Сол үшін де халықтың игі дәстүрін жиі өткізіп тұру – қолынан келетін әрбір азаматтың парызы болуы керек қой деп ойлаймын. Бұл ретте Самал Дәрібаев пен  Мұрат Шаймаранұлы ағаларымызға зор алғыс айтуымыз керек.

Кештен фоторепортаж:

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: ©Өмірбек Сансызбай

Н. Айдархан