Елорданың 20 жылдығы аясында 16 қазан күні Астана Опера театрының Үлкен залы сахнасында композитор әрі пианист, өнертану ғылымдарының магистрі, 100-ден астам классикалық музыкалық туындылардың авторы Рахат-Би Абдысагин Зымыран Заман атты концертін ұсынады. Дарын Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін құрмет белгісінің иегері, П.И.Чайковский атындағы Халықаралық конкурсы лауреаттары ассоциациясының мүшесі, Қазақстанның 100 жаңа есімі Ұлттық жобасының жеңімпазы өз сұхбатында алдағы кеш жайлы толық ақпарат берді. - Кеш бағдарламасында Сіздің туындыларыңыз ұсынылған, бағдарламаны таңдау жайлы толығырақ мәлімет берсеңіз, ол осы шығармалардың дүниеге келу уақытымен, жалпы тақырыппен біріктірілген бе? Рахат-БиАбдысагин: Концерт Зымыран Заман деп аталады және дәл осы атау жаһандық біріктіруші тұжырымдама болып табылады. Бұл концертте орындау үшін ауқымды симфониялық туындыларымнансегізі ғана таңдап алынды, демек бағдарламаға барлық симфониялық жұмыстарым енген жоқ. Орындалатын шығармалардың саны сегіз. Бір қызығы, 8 - симметриялық сандардың бірі (тұтастай нөлді есептемегенде), кемелденудің шағын көрінісі, ал көлденең күйінде шексіздіктің белгісі. Туындылардың дүниеге келу сәті әртүрлі әрі орындалатын тәртібі хронологиялық ретте емес. - Концерт бағдарламасының әрбір туындысы жайында шағын ақпарат берсеңіз. Рахат-БиАбдысагин:Ендеше, әрбір туынды туралы түсініктеме жасайын. Романтизм Жаңғырығы симфониялық оркестрге арналған. Жер-жаһан ұдайы үдеген сайын өрісі кеңее түсетіні белгілі. Адам өркениетінің даму жылдамдығы Жер-жаһанның ұлғаю екпінінен қалысар емес. Эволюцияның қарқынды үдерісі түрлі философиялық, эстетикалық әрі әлеуметтік сұрақтарды тудыра отырып, өнерден көрініс табуда. Әрдайым осылай болған, Романтизм дәуірінде де солай болды. Дегенмен, бүгінгі күні романтизм біз үшін үкілеген үміттің әлемі, жарқын болашақ жайлы арман, ертегіге толы ғажайыптың өмірде орын алуы... Романтизм Жаңғырығы қазіргі таңдағы музыканың күрделі де кереғар әлеміндегі игі, жарқын әрі әдеттен тыс дүниелердің еміс-еміс есте қалуы. 2017 жылы осы шығармамен аты аңызға айналған Байройт фестивалі (Германия) ашылған еді. Сонымен қатар, осынау симфониялық туынды Майндағы Франкфурт, Лос-Анджелес (АҚШ), Каир мен Александрияда орындалды. Өмірге Құштарлық фортепиано және симфониялық оркестрге арналған. Өмірге Құштарлық Қорқыныштан да Күштірек! деген пайым осы туындының эпиграфы. Бұл қуаныш пен гүлдену жолындағы өмірге деген құштарлықты нақтылайтын қысқа, ең байыпты аспаптық ода! Кезінде аталмыш туындыны жазуға басты түрткі әрі итермелеуші күшке себеп әлемдік ауқымдағы маңызды оқиғалардың тізбегі болды: Екінші Дүниежүзілік Соғыстағы Ұлы Жеңіске 70 жыл. Жер бетіндегі бейбіт өмір үшін соғыста жанын қиған сарбаздарға мың тағзым! Тағдырдың тезіне түссе де, әрі қарай өмір сүріп, ұрпағын өсіріп келе жатқан әрі кемел болашақ үшін күресуді жалғастырушы жауынгерлерге мың тағзым! Қазақ Хандығының 550 жылдығы, оны орнату үшін Ұлы Даланың барлық рулары мен жүздері бас қосқан. Mńgіlіk El Ұлы мақсатына жетелеген Nurly Jolda Отанымыздың Егемендігі мен Тәуелсіздігін нығайту үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылып, Туған елімізде қоныс тепкен 130-дан астам ұлт пен этнос өкілдерінің басын біріктірген теңдессіз ұйым Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Әлемдік премьерасы Берлин Филармониясының Үлкен залында орын алды. Сондай-ақ бұл туынды П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консеваториясының Үлкен залы, Аликантедағы ADDA залы (Испания), Үлкен Кремль Сарайының Георгий залы (Мәскеу) және т.б. сахналарда орындалған. Тәңір тұрағы симфониялық оркестрге арналған. Музыка Тәңірдің, бар ғаламды Жаратушы құдіреттілігінің шынайы дәлелдерінің бірі. Адам ішкі дүниесімен үйлесімділік тапқан кезде Құдайдың құдіретін тануға біртабан жақындай түседі, бақыттың өз ішінде жатқанын ұғынады, шарттылық бұғауынан құтылып, Еркіндікке қол жеткізеді! Шығарманың құпия арқауы: Жаратушы төбемізден емес, бізді ішкі жан-дүниемізден танып біледі!. Әлемдік премьерасы Берлиндегі Концертхаус Үлкен залында өтті. Кейін бұл симфониялық туынды Прагадағы Рудольфинумда, Концертхаус Веналық Үлкен залда және Лондондағы Гилдхоллда орындалды. Нұрлы жол, скрипка мен симфониялық оркестрге арналған концерт. Қозғалыс өмірдің негізі. Адам өмір сүреді, ол үшін ойлана біледі, тірлік жасайды, ал тағдыр тақырыбы мен бұл әлемдегі өз орныңды түсіну тұрмыстың маңызды мәселелерінің бірі. Әрқайсымыздың өмірде жүріп өтуімізге тиісті жолымыздың ұлылығын ұғыну күн нұрына апарар алғашқы қадам. Жарқын жол бұл білімге, бейбітшілікке, махаббатқа апарар жол! Аталмыш симфониялық туынды Шабыт 2014 фестивалінің Гран-Приін жеңіп алып, авторы ҚР Президентінің Eń daryndy nerpazǵa кубогына лайық деп танылды. Тас-түнектің аржағы, лорд Байронның поэзиясы сарынында тенорлар хоры мен симфониялық оркестрге арналған баллада. Әлемдік премьера. Бәрі орындалды сөз бекер, Менің сөзім де босқа болар; Бірақ жүрекке әмір жүрмейді, Талпынысына кедергі жоқ болар Лорд Байронның бұл сөздері балладаны түсінудің кілті. Музыка мәтіннің мәнін ашып қана қоймай, екі ғасырдан кейін оған жаңа өлшемдер мен тың мән үстейді. Тым-тырыстың тырсылы, фортепиано мен симфониялық оркестрге арналған концерт. Әлемдік премьера. Тыныштық нағыз, мүлтіксіз үйлесімділік, бар мен жоқтың іске асуы. Тыныштықты қабылдау әрі оған деген қатынас әр алуан болуы мүмкін. Осы концертте оны үш тұрғыда ашатын үш түрлі көзқарас (үш бөлім) ұсынылған. Зымыран заман симфониялық оркестрге арналған. Адам уақыт өтеді-кетеді десе, Уақыт өтетін-кететін адам дейді! Алайда болашаққа өнер туындылары арқылы жететін естелік қалады. Өмір қысқа, ал өнердің мәңгілік екендігі ақиқат! Әлемдік премьерасы Д.Д.Шостакович атындағы Санкт-Петербор филармониясының Үлкен залында өтті. Қазақ рапсодиясы фортепиано мен симфониялық оркестрге арналған. Қазақ рапсодиясы атты туындымда жан-тәніммен жақсы көретін Отанымды мадақтаймын! Онда заманауи Қазақстанды қалай қабылдайтыным, оның қарыштап дамуын қалай сезінетінім бейнеленген. Өз сезімдерім мен ой-толғанысымды әрбір адамға түсінікті дыбыстық музыкалық символдар арқылы жеткіземін. Сондықтан Қазақ рапсодиясында қазақ әуені мен еуропалық гармония, жеке драматургия мен әлемде қабылданған музыкалық пішінді ұйымдастырудың қағидаттары тығыз ұштасқан... ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: Қазақстанның болашағы Азияда да, Еуропада да, Батыста да, Шығыста да, ғаламдық Солтүстікте де, Оңтүстікте де. Біз әлем халықтары мәдениеттерінің белсенді араласуы кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Туындап жатқан жалпы әлемдік мәдениеттер арасында елімнің, халқымның мәдениетінің үздік тұстары өз орнын табуы мен үшін өте маңызды! Бұл шығарма Telsіzdіk tolǵay Гран-Приін жеңіп алды, авторы 2014 жылдың Үздік композиторы атанды. Туынды Париждеді ЮНЕСКО Штаб-пәтерінде, Лондондағы Royal Festival Hall залында, Сеул, Анкара, Астана және өзге де қалалар мен елдерде орындалды. - Маэстро Дмитрий Крюковпен әріптестіктеріңіз қашаннан басталды? Рахат-БиАбдысагин:Ол туралы бұрыннан естіп білемін. Маэстро Дмитрий Крюков өзінің жастығына қарамастан, жетілген, жолы болған және дарынды музыкант. Ол Мәскеуде танымал болған тамаша дирижер. Ол Ресейдің Мемлекеттік академиялық Үлкен театрының дирижері. Классикалық партитураларды жете түсінумен қатар, ол әркімнің қолынан келе бермейтін заманауи академиялық музыка, авангардтың қыр-сыры мен айрықша аспектілерін біледі. Жақында Ресейдің Клин қаласында айтулы оқиға П.И.Чайковскийдің Мұражай үйінде жеке концертім өтті, бұл жерде мен Петр Ильичтің кабинетінде оның жеке өзінің роялінде ойнау бақытына ие болдым. Мәскеудегі іссапарым кезінде Дмитрий Крюковпен бірнеше рет кездестік, осы концерт бағдарламасымен жемісті жұмыс жасадық, партитуралардың көптеген маңызды тұстары мен олардың орындалу қырын талқыладық. Оның дайындық деңгейіне, іргелі көзқарасына, әр нәрсеге, тіпті дыбыс үзілісі мен дем алуға мұқият қарауына таң қалдым. Әсіресе, оның талдау аппараты, ойлау қабілеті мен жұмысты үйлестіре білуі тамсандырды. Оның концерттегі орны маңызды әрі табысты боларына нық сенімдімін. - Скрипкашы Ақбике Алғимен бірге бұрын өнер көрсеттіңіз бе? Рахат-Би Абдысагин: Ақбикені бұрыннан білемін әрі өте қатты бағалаймын. Ол өзінің дарыны, музыканы тамаша жеткізуі, шеберлігі және ұшқыр техникасымен еліміздегі жас скрипкашылар тобынан ерекшеленеді. Өткен жылғы П.И.Чайковский атындағы Х халықаралық жасөспірімдер байқауындағы оның өнеріне сүйсіндім, сол кезде мен фортепиано аталымы бойынша әділқазылар мүшесі болған едім. Айта кетсек, Ақбике сол танымал байқауда скрипка аталымы бойынша лауреат атанған болатын. Менің скрипкалық концертімде де жарқырай өнер көрсететініне сенімім мол. - Астана Опера көрермендерімен жаңа кездесу алдындағы көңіл-күйіңізбен бөліссеңіз. Рахат-БиАбдысагин:Көңіл-күйім тамаша. Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалған. Осы концерт соның бірден-бір дәлелі. Толыққанды концерт бағдарламасын құрастыруда бір ғана жас композитордың симфониялық туындыларын жеткілікті болуы айрықша көрсеткіш. Оның үстіне, хронометражға байланысты барлық симфониялық шығармаларым енген жоқ. Осы жылы ЦЕРН ғылыми орталығында (Швейцариядағы Еуропалық ядролық зерттеулер орталығы) Қазақстанның ресми делегациясының мүшесі болып,элементар бөлшектердің ғажайып әрі тылсым әлемімен таныстым. Зерттеу деңгейі мен ғылымның дамуына қатты таң қалдым. Дәл осы ЦЕРН-де 2012 жылы Частица Бога рөліне Хиггс Бозоны деп аталатын үміткер анықталды және осы жаңалық Нобель сыйлығымен марапатталған. ЦЕРН-нен шабыт алғаннан кейін менің симфониялық оркестрге арналған The Sacred Universe of Particles атты туындым жазылған болатын. Оның әлемдік премьерасы осы орталықта өтеді деп жоспарланған. Мені әсіресе ЦЕРН ғалымдарының музыка мен өнер саласындағы білім деңгейі таңдандырды! Музыкант болмаса да, олардың бәрі Оливье Мессиан, Карлхайнц Штокхаузен, Пьер Булез, Луиджи Ноно, Янис Ксенакис сынды композиторлардың шығармашылығымен таныс. Ғалымдардың бірі: Маған Штокхаузеннің музыкасы ұнамайды, ол құлағымды тұндырады. Дегенмен, оның Ұлылығын мойындамауым мүмкін емес, себебі бұл Әлемді жаңаша түлеткен музыка! - деген болатын.