Жаппас Қаламбаев – ХХ ғасырдың қобызшы-композиторы. 1909 жылы дүниеге келген музыканттың туғанына биыл 110 жыл толды. Соған байланысты Орталық мемлекеттік архивтің жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен жұмыс жасау бөлімінің архивисі Гүлназ Рахмет дайындаған мәліметтерді ұсынамыз.
Ежелден өзіндік терең тарихы бар қобыз аспабы ғасырдан ғасырға қобызшы-күйшілер арқылы бізге жетіп, қазіргі күндері кәсіби мамандардың кеңінен қолданып жүргендерін көріп жүрміз. Қобыздың домбырадан айырмашылығы жайында ХХ ғасырдың белгілі композиторларының бірі Латиф Хамидидің пікірінше: "Бірақ, октябрь революциясына дейін, әлі осы күнде де қобызда, әсіресе қыл-қобызда ойнаушылар өте сирек кездеседі. Оның себебі – домбыраға қарағанда, қобызда ойнау техникасы қиынға соғады" деп айтқаны бар. Мұндай аспапты шебер тартқан, оған қоса күйлер шығарған Жаппас Қаламбаевтың шығармашылығын айқындайтын құжаттардың архивте сақталғандығын жариялау өнер иесінің тарихы үшін маңызды болып табылады. Болашақ композитор Жаппас Қаламбаев өзінің өмірбаянында 1909 жылы қаңтардың 1-күні Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы, Қызыл-Ту совхозындағы шаруа отбасында дүниеге келіп, 4 класс бітіргендігін, 1929 жылдан бастап екі жыл бойы совхозда хатшы, 1931 жылы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, 1932 жылы Шәуілдірдегі мәдениет үйінің клуб меңгерушісі болғандығын, Шымкент қаласындағы бір жылдық мұғалімдік курсты 1934 жылы бітіріп, Алматыға келіп Өнерпаздардың республикалық бірінші слетінде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталғандығын, сол жылы Алматы Музыкалық училищенің ұлттық оркестріне музыкант болып қабылданғандығын, 1935 жылы солист-қобызшы ретінде орналасқандығын баяндаған.
Қобызшының қызы Жаңыл Қаламбаеваның айтуынша: "Жастайынан жетімдік тауқыметін көп көріп өскендіктен болар адам баласына жаманшылық ойламайтын. Інісі Жарылқасын екеуі Түркістандағы жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. Жаңаша білім алады. Балалар үйі жабылып қалған соң Созаққа келіп, "Қызыл отауға" мүше болып кіреді. Ол кезде маман кадрлар тапшы болғандықтан мектепте бала оқытқан кездері де болған екен" деп әкесі туралы сыр шертеді.
Архив деректеріне сүйенсек, ол 1939 жылы қазанның 1-17 күндері Мәскеу қаласында өткен конкурста мақтау қағазын алыпты. Конкурс "Всесоюзный смотр исполнителей на народных инструментах" деп аталды және оны КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Өнер ісі жөніндегі Комитеті ұйымдастырды. Арада бір жыл өткен соң Ж. Қаламбаевтың Музыкалық қорға мүше болып қабылдауына берген өтініші 1940 жылы сәуірдің 25-күні А. Жұбанов, Л. Хамиди, М. Ержанов және 2 адамның қатысуымен Қазақстан Композиторлар одағының Ұйымдастыру Комитетінің отырысында қаралып, ол композитор-этнограф болып қабылданады. Сол жылы қазанның 24-күні Ұлттық оркестрдегі жалпы жиналыстың шешімі негізінде тұңғыш қобызшы болып бекітіледі, 1946 жылы қыркүйектің 15-күні концертмейстр қызметіне ауыстырылады.
Жылдар бойы филармонияның шығармашылық солистері мен ұжымдарының қатысуымен айтулы мерекелік концерттер толассыз ұйымдастырылып тұрды. Бұл концерттер ұлттық нақыштағы өнердің өсуін көрсетіп отырды. Өнер саласында еңбек еткен Ж. Қаламбаев Қазақстан қалаларының мәдени орындардағы мерекелік іс-шараларға үнемі атсалысып жүрген болатын. Атап айтсақ, Филармонияда өткен жабық концертте, филармонияның он күндік мерекелік ашық концертінде, 28 гвардиялы- Панфиловшылар саябақтарында, "ЦЭС" пен "Теміржолшылар" клубтарында, Қалалық емханада, "Медео, "Каргалинка, "Қазақ КСР-на 10 жыл" деген демалыс үйлерінде, Қазақ Педагогикалық институтында, Партиялық мектепте, "Алма-Арасан" шипажайында, "Каргалинск шұға" комбинатында, Горький атындағы Мәдениет және демалыс саябағында, Мәдениет үйлерінде, Жаздық театрда, "Қазақ совет күйлері мен әндері", "Халық музыкалық аспаптары", "Қазақ музыкасының мәдениетіне 40 жыл", "Қазақстан композиторлары", "Қазахконцерт" залындағы "Қазақ музыкасы мен әндерінің кешінде" және Зооветеринарлық институтында өткен "Музыканы қалай түсінеміз" деген лекция-концерттерде, "Қазақтың халық әндері мен күйлері" концертінде, Қазақ КСР-інің Жоғарғы және жергілікті еңбекші депутаттарының Кеңесін сайлау кезеңінде Ақмола, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарына, Қазақ КСР-ның ауыл-шаруашылық еңбекшілері мен еңбеккерлеріне арнайы, Батыс-Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс-Қазақстан облыстарын аралап, колхоз-совхоздарда, клубтарында, Петропавловск қаласындағы цирк ғимараты мен теледидар студиясында, Шелек ауданында өткен шопандардың слетінде т.б. жерлерде жыл сайын өнер көрсетті. Ол арнайы ұйымдасқан бригадалармен де, жетекші солистермен және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрімен бірге Қазақстан қалалары мен облыстарын гастрөлдік сапармен аралаған кездеріне қатысты және жеке орындаушы болған сәттерге байланысты деректер жиі ұшырасады. Мысалы: бригадалармен "Алматы-Сарыөзек" жолдары мен "Қараталқұрылыс" жүріп жатқан жерлерге (1940 жылы), Қазақ КСР-інің 25 жылдығына арналған Ж. Елебеков пен Д. Нұрпеисованың кештерінде (1945ж.), Қазақ КСР-інің өндіріс орталықтары мен көктемгі-егіс науқандарына барған Канафиева (1943ж.), Жарылғасынов (1945ж.), Ахметов (1947ж.), Н. Абишев (1953ж.), А. Абишева, С. Абусеитова (1965ж.) концерттеріне, Ж. Омарованың ансаблімен (1946, 1967жж.), филармонияда өткен Р. Бағланованың (1953ж.), және телеарнада өткен Қазақ мемлекеттік капелланың концертіне (1964ж.) қатынасты.
Ж. Қаламбаев бригадасын ертіп көктемгі-егісті орып-жинау науқаны кезінде село мен ауылдарға, Семей (1947ж.), Қызылорда, Ақтөбе облыстарына (1948ж.), Алматы облысының Іле ауданына халық төрешісін сайлау дайындығы кезінде (1948 жылы желтоқсанның 20-күні 1949 жылы қаңтардың 5-дейінгі аралық), Көкшетау, Ақмола облыстарындағы (1960ж.) тың игеруші колхоздар мен совхоздардың еңбеккерлеріне арнап концерттер қойған. Сонымен қатар Алматы облысының Чапаев колхозына (1963ж.) барған сапарында көркемдік жетекші болған Ж. Қаламбаев Кумеков, Сихимбаев, Шарипов, Даулетбаева, Ниязбаев, Шишов барлығы бірге ансамбль болып "Би күйі", "Сылқылдақ", "Адай", "Қосалқа /2-нұсқа/" т.б. күйлерді орындаған және де бір айға Оңтүстік Қазақстанға (1964ж. маусым, шілде), үш айға Жамбыл мен Шымкент облыстарына (1968ж.) барып қайтқан.
Аталмыш кештерге қатысқан көрермендер тарапынан алғыстарын жазып қалдырғандары болды. Ол жөнінде де құжаттар бар. Мысалы: 1942 жылы қаңтардың 14-інен ақпанның 10-на дейін Мерке ауданы орталығының еңбекшілеріне, 25 колхоз бен 1 совхозға барлығы 6842 көрермендерге 27 концерт қойды. Көпшілік бұл кештерді жоғары көркемдік дәрежеде өткендігін, ризашылығын білдіріп орындаушылар арасынан Ж. Қаламбаевтың т.б. есімін ерекше атап, бригада ұжымына алғыстарын білдірген. Келесі құжат Партиялық бюроның хатшысы Ташметовтың жазған анықтамасында: "1942 жылы қаңтардың 23-і күні филармонияның бригадалары кешкі сағат 22:00-ден 24:00-ге дейін яғни түн жарымға дейін, 2 жарым сағат бойы Қостоған колхозының клубында 359-551 адам кешті тамашалап, сол кезде орындаған Ж. Қаламбаевтың "Аққу атқан" күйі жайында мәлімдеген".
Ж. Қаламбаев Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптары оркестрімен бірге шет елдерге шығып қазақ өнерін танытты. Оркестр 2 рет Қытай Халық Республикасында болған, алғаш 1950 жылы (қараша-желтоқсан), кейіннен екінші рет 1957 жылы (сәуір, маусым), Мәскеу қаласына (1954 жылы қыркүйек, қазан), Венгр Халық Республикасына (1956 жылы қазан айында) және де Закавказья, Украина (1960ж.) елдерінің қалаларына да сәтті барып келген.
Жалпы оркестрдің шет мемлекеттерге барғандығы жайында баспа беттерінде уақтылы ақпараттар мен мақалалар жарияланып тұрды. Солардың бірі 1960 жылы "Дзержинец" газетінде жарық көрген М. Новиков пен Г. Новиковалар "Концерт казахських артистів" атты мақаласында (Днепродзержинск қаласында) оркестр жөнінде және Ж. Қаламбаевты т.б. әртістерді халықтың ерекше ықласпен жақсы қабылдағандығы туралы жазған.
ҚР ОМА, 1757 қор.
ҚР ОМА, 1757 қор.
Ж. Қаламбаев шығармашылық жұмыстармен де он бес күнге Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданына сапарға жол жүрген екен. Бұл жолы композитор Ықластың қобыз партиясына қажетті мәлімет жинау үшін барып келген (1944 жыл қараша, желтоқсан). Тағы бір дерек қобызшының үлкен қызы Дина Жаппасқызы Нұрғалиеваның естелігінен үзінді келтірдік: "Көптеген күйлер шығарды, ән де жазды. Біраз күйлерін өз атынан емес танымал халық композиторларының атынан жаздырған кездері де ұшырасты. Көптеген халық композиторларының күйлерін нотаға түсірді. Сүгірдің күйлерін нотаға түсіргенде әкемнің қасында болдым. 1951 жылы әкеме еріп Созаққа барғанда Сүгір күйшіні өз көзіммен көрдім. Түрікменстаннан келген Мұрат деген кісінің екі күйін нотаға түсіргені де есімде".
Концерттерде қазақстандық, классикалық кеңестік және халық композиторларының сонымен қоса ақындардың да шығармалары орындалды. Ж. Қаламбаев қобызшы, әрі композитор болғандықтан жеке шығарған өзге авторлармен бірге жазған драмалық және музыкалық-драмалық, эстрадалық туындылары болды және сахнада жеке орындаған басқа авторлардың шығармаларын төменде келтірдік: «Нартай» әні, "Гәкку" (екінші нұсқа), "Құлыншақ", "Ықылас", "Кеңес", "Балбыраун", "Қараторғай", "Қызыл-бидай", "Кастер", "Сұлу қыз" және "Қызыл флот" және "Родной край", "Жиырма бес", Ж. Жабаевтың сөзіне жазылған "Сталинді тыңдадым"/"Я слушал Сталина"/, Тәттімбеттің "Сар жайлау", Сатмагамбеттің "Қанатталды" (кейбір құжаттарда қазақтың халық әні деген), Кәрімбаевтің "Көктем", Абайдың "Көзімнің қарасы", Шашубайдың "Аққайың", қазақтың халық әндері "Қарға", "Ғайни", "Шынар-ай", "Баянауылды" орындаған.
Ж. Қаламбаевтың шығармаларын өзінен басқа филармония солистері де орындады. "Кең өлке" әнін 1941 жылы оркестрмен бірге жазғы гастрөлдік сапарында солист Ж. Ахметова орындаса, дәл осы әнді солист Укежанова №1 бригадамен Алматы мен Семей облыстарына барған кезінде орындаған екен.
Негізінен шығармалар сахнада орындалар алдында көркемдік кеңестің бақылауынан өтіп отырды. Мұндай деректердің бірнешеуін келтіруге болады. Мысалы, Ж. Қаламбаевтың өзі жазған 20 қазақ күйлерінің жазбалары 1950 жылы қыркүйектің 23-күні өткен жиналыста кеңес мүшелері болған Қ. Байсеитов, Шаргородский және Б. Байқадамов барлығы бірауыздан қабылданғандығын айтқан. Келесі бір хаттамада оның кейбір шығармаларына айтылған сын-пікірлерді байқауға болады. 1954 жылы қаңтардың 23-күні В. Татаев, Ж. Елебеков т.б. 15 адамның қатысуымен жаңа әндерін қабылдау туралы отырыста С. Мауленовтың сөзіне жазылған Ж. Қаламбаевтың "Падция. /Қаншайым/" атты әні Ү. Тұрдықұлованың орындауында тыңдалып қабылданады, бірақ, авторға фактурасын өңдеген соң әншінің репертуарына қосуды ұсынады. Тағы бір құжатта Құрманғазы атындағы оркестрге арналған "Вальс", "Еңбек маршы" деген шығармалары 1965 жылы 30 наурыз күні Қазақ КСР-інің Мәдениет министрлігінің репертуарлар кеңесінің отырысына қатысқан Е. Рахмадиев, Мұхамеджанов, Ш. Қажғалиев т.б. 6 адам тыңдап, алғашқысы жеке дауысқа арналғандығын айтып, екіншісін қабылдайды. Мұндай талдаулардың, сындардың, ұсыныстардың білікті мамандар тарапынан айтылуынан қазақ әндері мен күйлерінің т.б. музыкалық туындылардың сапасы арта түсетіні анық.
ҚР ОМА, 1757 қор.
Жалпы концерттерді алдын-ала радиодан хабарлап отырған. Осындай хабарландырудың бірін филармонияның бас әкімшілігі Левтің 1951 жылы сәуірдің 4-күні Қазақ радиосына жолдаған хатынан көруге болады. Онда былай: "Сәуірдің 7-күні Қазақстанның халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістерінің және жас орындаушылардың шығармашылық кеші болады. Жастарға арналған кеште үрмелі оркестр, викториналар, көпшілікке арналған ойындар ойналып, концертті тамашалауға болады. Кешке Ж. Қаламбаев т.б. белгілі әртістер қатысады" деп баяндаған.
1966 жылдың мамыр айынан бастап Ж. Қаламбаев ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлттық аспаптары оркестрінен "Қазақконцертке" жұмысын ауыстырады. Ол 1967 жылдан бастап екі жыл консерваторияда дәріс оқыған. КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Еркеғали Рахмадиевтың айтуынша: "1967 жылы консерваторияға ректор болып келгенде қылқобызды оркестрден шығарып тастағанда Жаппекеңді осы оқу орнынан қылқобыз класын ашып, жетекшілік етуге шақырдым" деген. Бұл ұсынысты Ж. Қаламбаев қуана қабылдайды. Себебі, қобыз класының ашылуы оның арман-мақсаттарының бірі еді. Бірақ, көп ұзамай 1969 жылы желтоқсанның 12-күні Ж. Қаламбаев қайтыс болады.
Әйтседе көзі тірісінде Ж. Қаламбаевтың есімі Қазақстан Республикасынан басқа шет мемлекеттерге кеңінен танылды. Оның шығармашылық ұйымдастыру қабілеті әсіресе өзбек халқының сұранысына ие болған екен. Сондықтан болар 1967 жылы қаңтардың 27-күні Өзбек КСР Мәдениет министрлігінің Сырдария облыстық мәдениет басқармасының басшысы Х. Апаев Қазақконцерт директоры Чернышовқа хат жолдайды. Хатта: "Сізден, Қазақ КСР-інің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Ж. Қаламбаевты Өзбек КСР-інің Сырдария облысына ақпан айының 1-інен сәуір айының 1-іне дейін Кеңес үкіметінің 50 жылдығына арналған өнер фестиваліне қатысушы көркемөнерпаз ұжымының дайындығына шығармашылық көмек беру үшін екі айға жіберуіңізді сұраймыз" деп өтініш білдіріпті. Өкінішке орай, бұл хатта айтылғандай Ж. Қаламбаевтың ақпан- сәуір айларында барғандығы жайында құжат табылмады. Бірақ, осы жылы әртістер бригадасымен өнер көрсету үшін қазанның 20-нан желтоқсанның 25-не дейін Жамбыл, Шымкент облыстарына және Өзбек КСР-іне жіберілгендігі жөнінде құжаттың бары анық.
ҚР ОМА, 1990 қор.
Күйші-қобызшы, композитор Жаппас Қаламбаевтың қазақ өнеріне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, 1944 жылы тамыздың 7-күні Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы А. Қазақпаевтың Жарлығы бойынша Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы жанындағы Қазақтың халық музыка аспаптары оркестрінің шығармашылық жұмысының 10 жылдығына орай және қазақтың ән-күй көркем өнерін дамытудағы еңбегі үшін Ж. Қаламбаевқа "Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері" атағы беріліп және 1945 жылдың қараша айында Қазақ КСР 25 жылдығының құрметіне орай Социалистік құрылысқа белсене қатысқаны үшін грамота табысталды, 1946 жылы мамыр айының 16-күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Н.М. Шверниктің Жарлығымен "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін" медалі, 1949 жылы маусымның 9-күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиуының Төрағасы Д. Керимбаевтың Жарлығы бойынша Қазақстан өнерін өркендету ісіндегі зор табыстары үшін және Мәскеудегі қазақ әдебиетінің онкүндігі кезінде концерттерде көрсеткен жоғары дәрежелі көркемдік шеберлігі үшін, 1954 жылы желтоқсанның 3-күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Н. Оңдасыновтың Жарлығымен Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің жиырма жылдығы қарсаңында және Қазақстанның кеңестік музыкалық мәдениетін өркендетуде қолжеткен табыстары үшін, 1955 жылы желтоқсанның 10-күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Ж. Ташеновтың Жарлығы бойынша Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясының 20 жылдығына байланысты және Қазақстанның музыка мәдениетін дамытуға белсене қатысқаны үшін, 1957 жылы Қазақ Мәдениет министрі А. Канапиннің және Мәдениет қызметкерлері кәсіпшілік одағының Республикалық комитеті төрағасының бұйрығымен Ұлы Октябрь Социалистік революциясының 40 жылдығы кезінде өте жақсы қызметі үшін Құрмет грамоталарымен, 1959 жылы қаңтардың 17-күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы Ж. Ташеновтың Жарлығы бойынша Ж. Қаламбаев "Еңбек Қызыл Ту" орденімен марапатталды. 1963 жылы Партиялық Комитеттің Қызылту өндірістік басқармасының хатшысы В. Окуневтің және Еңбекші депутаттарының аудандық селолық Кеңестің атқару Комитетінің төрағасы А. Абильмажиновтың шешімі бойынша Ж. Қаламбаевқа аудандық еңбеккерлер алдында өнер көрсеткені үшін, 1964 жылы сәуірдің 30-күні еңбекші депутаттарының Ақтөбе облысының селолық Кеңестің атқару Комитеті мен Еңбекші депутаттары облысының селолық Кеңестің атқару Комитеті төрасының орынбасары Б. Жолмырзаевтың және хатшысы Ш. Қарсыбаевтың шешімі бойынша Облыс еңбеккерлеріне көрсеткен мәдени шараларға белсенді қатынасқанына, орындаушылық шеберлігіне, 1965 жылы Қазақстан кәсіпшілер одақтарының республикалық Кеңесінің төрағасы С. Полымбетовтың Қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінің 30 жылдығына орайластырып, оны құруға, жетілдіруге елеулі еңбек сіңіргені үшін грамоталар берілген. 1967 жылы қазанның 25- күні КСРО Мәдениет министрі Е. Фурцевтің бұйрығымен Ж. Қаламбаевқа «Үздік қызметі үшін» белгісі, сонымен қоса Чечен-Ингуш АССР-ның Мәдениет министрі В. Татаевтың бұйрығымен шығармашылық табыстардағы жетістігі үшін құрмет грамотасы берілді.
ҚР ОМА, 1757 қор.
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрінің әртістері Ж. Қаламбаев, Қ. Жантлеуов, А. Темірбековтың құжаттарынан құрылған топтама қоры Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталуда. Бұл топтамалар қорына 1968 жылы ғылыми сипаттама беріліп, зерттеушілер осы күнге дейін жұмыс жасауда. Қор көлемі жағынан шағын, онда аталмыш әртістердің жеке құжаттары, фотоқұжаттары т.б. құжаттары бар. Қорды молайту үшін ұрпақтары тарапынан қосымша құжаттар қосамын деген адамдар болса біздің архивтің есігі әрдайым ашық. Қабылдау жұмыстары толассыз жүріп тұр.
Ж. Қаламбаевтың қиындыққа толы өмірдегі өнер әлемінде өзіндік із қалдыруына, үлкен белестерге жетуіне себеп болған алдымен бойындағы өнері, оған қоса қажымас еңбегі мен арман-мақсатқа жетелеген әкесінен мұра болып қалған қобызы. Қобызына өзінің жанынан әуендерін қосып қазақ өнеріне өзінің тарапынан зор үлесін қосты.
Жаппас Қаламбаевтың бойына біткен құндылығы жайында КСРО халық әртісі, профессор, дирижер Шамғон Қажғалиев: "Жаппас Қаламбаев халық арасынан шыққан сирек талант иесі, ХХ ғасырдың үздік музыканты. Шебер орындаушы әрі дирижер, көп қырлы, бір сырлы талант иесі бола білді" деп жоғары баға берген.
Гүлназ Рахмет Шамқызы
ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі
Орталық мемлекеттік архивінің
жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық топтамалармен
жұмыс жасау бөлімінің архивисі