Ақтөбе қаласының тұрғыны, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Роман Рахиев осыдан бірнеше жыл бұрын түрік еліне арнайы сапарлап барады. Ондағы мақсаты немере ағасы Ғалымжан Әбдісалямовты іздеп, сәлем беру болатын. Талай жыл бұрын туған өлкесінен жырақтап, жат жұртта тұрып жатқан туысымен Измир шаһарында жолығады. Тоқсанды алқымдаған Ғалымжан қарт Ұлы Отан соғысы есімін ғана емес, өмірін түбегейлі өзгерткенін айтыпты. Оны қазір түрік елінде Әлім Алмат деп біледі. Сағынысып көріскен бауырлар сол кездесуде талай сырдың басын ашады. Ғалымжан атамызды көпшілік Әлім Алмат деп таниды. Ол 1936 жылы алғаш ұйымдастырылған Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысады. Қазіргі күні көбісі Әлім Алматтың дарынын алғаш байқаған Мұстафа Шоқайдың жұбайы Мария деп жиі жазып жүр. Ал негізінен алғаш оған скрипкашы болуына мүмкіндік жасап, жолын ашқан ырғыздық жерлесі Темірбек Жүргенов болатын. Сол кездегі Қазақ ССР халық ағарту комиссары дарын иесіне бір жағынан нағашысы болып келетін. Алматыға келген жиенінің өнерін бағалап оған музыка мектебінің скрипка класына оқуға баруына кеңес береді. Қазақ арасында математиктер көп, өнер адамы аз. Скрипкашы болсаң қайтеді деп ақыл айтады.Оқу жылының басталғанына біраз уақыт өтсе де сол кездегі музыка мектебінің директоры Саримовке қоңырау шалып, Әлім Алматты оқуға қабылдауын тапсырады. Тума талант сенім білдірген жандарды ұятқа қалдырмай, сыныптастарының алды болады,-дейді Роман Рахиұлы. Әлім Алмат 1917 жылы Ырғыз ауданында дүниеге келеді. Алматыдағы музыка мектебінен соң, екі жыл Ташкентте, үш жыл Алматыда білімін шыңдайды. Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне қатысып, алдына талай мақсаттар қояды. Бірақ 1941 жылдың 22 маусымында бұл арманы көзден бұлбұл ұшады. Майдан даласында жойқын жарылыстан есінен танып, тұтқынға түседі. Қамауда болғанда ауру жұқтырып, он үш күн бойына ес-түссіз жатқан. Бір есін жиғанда қасындағылардың әңгімесін естіп қалады. Әлім Алмат енді есін жимайтын болса, күзетшілер пойыздан лақтырып кетпекші екен. Сол күні оны тексерген украин дәрігер апа деген қазақша қандай мағына білдіретінін сұрапты. Себебі, неше күн бойы анасын аузына алып есеңгіріп жатады. Құр сүлдесі қалған Әлім Алмат тұтқында қара жұмысқа жарамайтын болғасын неміс офицеріне көмекші ретінде жібереді. Унтердің үйінде ешкім жоқ болған кезде төрде тұрған фортепианода бірнеше сазды ойнайды. Мұны байқап қалған неміс оны үй шаруашылығынан босатып, Германиядағы консерваторияға түсуіне жағдай жасайды. Тіл білмесе де сынақтан сүрінбей өтіп, тұтқында жүрсе де өнерге деген құштарлығы бір басылмайды. Соғыс біткен соң екі бірдей таңдау тұрады. Бірі Отанына қайту. Егер олай істесе тұтқында болғаны үшін атылып кетеді. Ал екіншісі өмір сүріп, оқуын жат жерде жалғастыру болатын. Ол екінші жолды таңдады, - дейді немере інісі Роман. Соғыстан соң Әлім Алмат Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевнадан көмек сұрап барады. Бұл туралы Мария Горина-Шоқай өзінің естеліктерінде жазады. Қазақ баласының дарынды скрипкашы екенін, Мәскеудегі консерваторияда оқып, соғыс кесірінен оны тәмамдай алмағанын, Париждегі Рахманинов атындағы орыс консерваториясына түсіргенін әңгімелейді. Бірақ Әлім Алмат жеке француз маманын жалдап, Франциядағы оқуын жедел аяқтайды. Кейін Түркияға қоныс аударып, сол жерде отбасын құрады. Елімізде қазақтан шыққан бірінші скрипкашы ретінде өнер сүйер қауым Айткеш Толғанбаевты біледі. Ол 1924 жылы Семей топырағында туған. Осыған байланысты Роман Рахиұлы да ағасының пікірін сұрапты. Айткешті қазақтан шыққан алғашқы скрипкашы деп танып жүргенін айтып, ойын сұрағанымда қандасының бұл атағын еш қызғанбайтындығын айтты. Айткеш менің шәкіртім. Нағыз дарын иесі. Тағдыры тауқыметке толы болды. Соғыстан соң Отанға оралғанымен сатқын деп он жыл лагерьге айдалды. Оның бірінші болуына құқы бар. Мен тұтқыннан соң алдымда не күтіп тұрғанын біліп, өткен өміріме оралмадым деді ағам. Айткеш үшін қуанышты екенін жеткізді, -дейді Роман Рахиев. Әлемге танымал скрипкашы қазір Түркия мемлекетінің ерекше қамқорлығында. Атасының аты жойылмасын деп екі баласына Төре-Мұрат деп есім беріпті. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде қазақтардың алғашқы құрылтайына қатысады. Сол сапарында туған топырағына араға жарты ғасыр салып аяғы тиеді. Бірақ атамекенінде өз концертін бере алмапты. Ағаммен қоштасар сәтте қазақ жұртына сәлемін жолдады. Әсіресе Ырғызын сағынатынын айтты. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермейді екен. Ғаламтордан, теледидардан естіп біліп отырады. Тәуелсіз елдің тамырын терең жайып, өзін әлемге танытып келе жатқанына қуанышты, - деп сөзін аяқтады Роман Рахиұлы. www.bnews.kz