Қазақстанға келіп, жұлдыз болған өнерпаздар

Қазақстанға келіп, жұлдыз болған өнерпаздар
Фото: youtube.com

Қазақстандық әншілер арасында шетелде туып-өскен қандастарымыз баршылық. Олардың кейбірі шетте жүріп атақты бола бастаса, кейбірі қазақ жерінде мойындалды. Отандық шоу-бизнестің қатаң шарттарына төзіп, өз ортасын қалыптастыра алған, отандастары түгілі, әлемді мойындатқан қандастарымыз кімдер? Назарларыңызға шетелде туып-өскен өнерпаздарды ұсынамыз.

Майра Мұхаммедқызы


Майра Мұхаммедқызы Қытайдың Құлжа қаласында дүниеге келген. Опера әншісі, париждік «Гранд Опера» сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ қызы, көптеген халықаралық байқаулардың жүлдегері. Майра Мұхаммедқызының ата-бабасы Қытайға 30-шы жылдары кеңес билігінің зорлық-зомбылығына шыдамай көшіп кеткен. Әншінің әкесі де, анасы да музыкант. Әкесі Қытайда танымал композитор, қазақтың халық әндерін жинаушы, ал анасы ҚХР халық әншісі болған. Майра Мұхаммедқызы кішкентай кезінен музыкаға әуестеніп өскен. Пекин консерваториясын тәмамдаған. Қытайда жүріп көптеген байқаулардың жүлдегері атанған. Сонымен қатар Қытайда 6 жыл консерваторияда сабақ берген. Дегенмен, ол әрдайым отанына оралуды қалаған. Осылайша 90-шы жылдардың ортасында Қазақстанға қоныс аударады. МАОБТ-тың солисі болып қызметке кіріседі. Кейін туған-туыстарын да Қазақстанға көшіріп алады. Қазіргі таңда Елбасының шақыртуымен Астана қаласының «Астана Опера» театрында өнер көрсетіп жүр. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Ерболат және Есболат Беделхановтар


Ерболат және Есболат Беделхандар Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Бастапқыда олардың қатарында бауырлары Жанболат та өнер көрсеткен. Ата-анасы Гүлжәмиля Әбілханқызы мен Беделхан Машан да музыкант. Отбасы 1991 жылы Отанына оралған. Ағайындылар 2000 жылдары Астанаға көшіп, мемлекеттік филармонияда жұмыс атқарады. «Наз», «Жас қанат» би топтарында өнер көрсетеді. Бауыржан Ибрагимовтың шақыртуымен «Бауыржан шоу» театрының ішінде құрылған вокалды-би ансамблінің құрамына кіреді. Кейін топ «Орда» деп аталып, театрдан тыс өнер көрсете бастайды.

Шұғыла Сапарғалиқызы


Би өнерінің шебері, түрлі халықаралық байқаулардың жүлдегері. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Шұғыла Сапарғалиқызы Қытай Халық Республикасы Іле-Қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан ән-биге әуес болып, 5-сыныпта Пекин қаласының хореографиялық мектебіне қабылданады. 1991 жылы Пекинде Қытай Қарулы сақшы бөлімі ән-би ансамбліне жұмысқа тұрып, сол тұста Корея, Италия мемлекеттері мен Гонконг аудандарында өнер көрсетеді. Қазақстанға алғаш рет 1996 жылы келіп, Наурыз мерекесінде өз өнерін туған елі алдында ортаға салады. Сол жолы әнші Нұрғали Нүсіпжанов басқаратын «Жазира» ансамблімен бірге Орталық концерт залында шағын шығармашылық кешін өткізеді. Ары қарай «Тамаша» ойын-сауық отауында, Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойында өнер көрсетеді. Осылайша көзге түсіп, елімізге танылып үлгерген биші қызымыз 2000 жылы Қазақстан Президентінің «Өнерлі қандастарымыз Қазақстанға да керек!» – дегенінен кейін елшілік тарапынан бірнеше шақырту алып, тарихи отанын өнерімен сусындату мақсатында елге оралып, Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының балетмейстері, «Ұлан» президенттік оркестрінің бишісі атанады. Шұғыла Сапарғалиқызы 30-дан аса қазақ биін қайта жандандырған биші.

Әділ Сламхан 

Әнші Әділ Сламхан Қытайда туып-өскен. Өнер жолын да сол елде жүріп, тойларда өнер көрсетіп бастайды. Алайда әнші Қытайда мұнай саласының маманын оқыған. Тіпті 9 жыл бойы сол салада еңбек еткен. Дегенмен, 90-шы жылдары Қазақстанға оралған соң шығармашылықты қайта қолға алады. Әнші бүгінде жұбайы Дана Маханбаевамен дуэт болып өнер көрсетіп жүр.

Шаба Әденқұлқызы

Дәстүрлі әндерді орындаушы, сазгер Шаба Әденқұлқызы да Қытайда туып-өскен. Қытайда ол эстрада әншісі ретінде танылған. Дегенмен, 2002 жылы Қазақстанға оралған соң Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, «Дәстүрлі әндер орындаушысы» мамандығы бойынша Қайрат Байбосыновтан тәлім алады. Шаба, сонымен қатар, 30-дан астам әннің авторы. Оның «О, туған жер», «Сен жоғалдың» әндері халық арасында кең танымал. Жақында ол жолдасымен бірге дуэт құрмақ екенін мәлімдеді.

Қажымұрат Шешенқұл


Әнші Қажымұрат Шешенқұлдың есімі халыққа аса таныла қойған жоқ. Дегенмен әнші Қытай қазақтары арасында зор сұранысқа ие әншілердің бірі. Қазақстанға ең алғаш рет «Еркелеп күле бердің, сол менің тілегенім» деп жырлаған әнімен танылды. Ол Алтай өңірі Қаба ауданы Қарашілік ауылында дүниеге келген. Шыңжаң Педагогика университеті музыкатану факультетінің түлегі. Қазақстанға 2009 жылы «Ән мен әнші» концертін ұйымдастырушылардың шақыртуымен келген. Ол «Қара жорға» әнін орындайтын төрт жігіттен құралған топтың бір мүшесі. Отанына оралған әнші қазір де репертуарын қазақ әндерімен толықтырып жүр. Оның «Мақпалжан» әні көптің көңілінен шықты.

Ұшқын Жамалбек 


Ұшқын Жамалбек Қытай елінің Құлжа қаласында туған. Алматы Өнер академиясын бітірген. «Алашұлы» этно-тобының мүшесі. Топ әндерінің басым бөлігі осы Ұшқын Жамалбектің туындысы. Қазіргі таңда Очоу лақап атымен танылып жүрген Олжас Абайдың музыкалық продюсері.

Жаннат Әділханқызы

«Қазақстан дауысы-2015» телевизиялық ән байқауының финалисі Жаннат Әділханқызы Қытай елінің азаматшасы. Осы байқауға қатысып, көпшіліктің көзайымына айналды. Ол бір кездері Бейжіңде өткен ән байқауында «Ән патшайымы» жүлдесін жеңіп алған. Қазақстанға байқауға қатысу үшін ғана келген әнші Отанына түбегейлі оралып, ата-анасын көшіріп алуды армандайды.

Қайнар Қатпай 


Қайнар Қатпай өнердегі қадамын Қайнар Бәзілжан атымен бастаған. Алайда қазір өзін Қайнар Қатпай деп таныстырып жүр. Ол Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысының Шілөзек ауылында дүниеге келген. Оның өнерге алғаш қадамы дәл сол Қытайда басталған. Қытайда жүріп тұңғыш «Бүлдірген тістеп туған қыз» атты альбомын жарыққа шығарады. Әнші жігіттермен қосылып «Гәкку» тобын құрады. Тобымен бірге Қазақстанға оралады. Қайнар Қазақстанға оралған соң, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түседі. Кейін «Гәкку» тобы тарап, өзі жеке әнші ретінде қалыптасады. Жақында Қайнар Қатпай «Астана аруы» әніне бейнебаян түсірді.

Дереккөз: baistars.kz

Н. Үсенова