Қазақстандықтар Мәскеудегі "Бас сахна" шоуына қатысуда

Қазақстандықтар Мәскеудегі "Бас сахна" шоуына қатысуда
Фото: youtube.com

Мәскеудегі "Бас Сахна" музыкалық жобасына қазақстандық бойзбенд "The Jigits" тобы мен 17 жасар Сангина Шарипова қатысып, ширек финалға өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Россия" арнасынан көрсетіліп жатқан "Бас сахна/Главная сцена" музыкалық шоуында Байғали Серкебаевтың "The Jigits" тобы мен Астана қаласының тұрғыны 17 жасар Сангина Шарипова өнер көрсетті. "The Jigits" тобы София Ротарудың "Караван любви" әнін, ал Сангина Мумми Тролль тобының "Это по любви" атты әнін айтып шықты.

Жігіттердің қобалжып тұрғандары байқалды. Дегенмен қазылар әділдік танытып, жобада бойзбендтің болғаныартық емес деп, төртеуі бірдей "иә" деп, ширек финалға жолдама берді.

Айта кетейік, Байғали Серкебаев "Бас сахна" шоуына шақырылған продюсерлерінің бірі. 4 продюсер ширек финалға өткен қатысушылардан топ құрып,  финалға дайындайды.

Сангина "Это по любви" әнін орындап шыққан соң, әнші Диана Арбенина оның таңдаған "лаунж" стиліндегі әні көбіне түсініксіз болуы мүмкін екенін айтып, Валерий Леонтьевке қосылып, басқа "эмоциямен" айтуды ұсынды.

Валерий "Бұл қызбен мен қалай айтамын? Оның дауысы жоғары, қазір мен қалай айтуым керек?" деп күліп, сахнаға беттеді. Сангина оған кезінде хит болған "Милый друг" атты әуенін айтуды ұсынды. Қапелімдегі импровизация көптің көңілінен шыққаны сөзсіз.

Әйгілі композитор Вячеслав Добрынин Сангинаны шығыс сұлу деп бағалап, ән айту қабілеті қанында әуелден бар екенін айтып өтті. Ал екі рет ән айтқызған Диана Арбенина Сангинаға "жоқ" деген үкім шығарды, Ал Валерий Леонтьев, Вячеслав Добрынин, Николай Носков отандасымызға "иә" деп, ән салу мәнерін мақтады.

Осылайша отандық әншілеріміз Ресейдегі бас жобалардың біріне қатысып, өнерлерімен қазылардың көңілінен шықты. 

Естеріңізге сала кетсек, Луина атты әншіміз де Түрік еліндегі "Rising Star" музыкалық жобасына қатысып, бағын сынауда.

Ф. Абилова