Қазақстандық жас сазгер Украина мен Австрияда еліміздің атын шығаруда

Қазақстандық жас сазгер Абдысағин Рахат-Би Киев пен Грацте өтетін халықаралық байқауда Қазақстан атынан өнер көрсетуде. 

Киевте ақпан айының 4-і мен 10-ы арасында «Гольфстрим 2» атты заманауи музыкалардың байқауы өтті. Онда қазақстандық жас пианинашы-сазгер Абдысағин Рахат-Бидің виолончель мен фортепианоға арнап жазған шығармаларының премьерасы болды. 

Бұл оның соңғы сыны емес. Жас дарын иесі ақпан айының 9-ы мен 20-сы аралығында Австрияның Грац қаласында өтетін заманауи музыканың халықаралық форумында да Қазақстан атын шығармақ. Форумда Рахат-Бидің музыкалық саймандармен орындауға арнайылап жазған жаңа шығармалары тыңдалады. 

Рахат-Би — жоғарыда аты аталған форумға қатысатын 157 қатысушының ішіндегі ең кішісі. Ол атақты сазгерлермен (Беат Фуррер, Жорж Апергис, Пьерлуиджи Биллоне және т.б. ) бірге бақ сынаспақ. 

Форумға әлемнің 40 елінен таланттар қатысады. Оның ішінде АҚШ, Канада, Мексика, Жапония, Қытай, Үндістан, Австралия, Италия, Франция, Ұлыбритания, Австрия, Германия, Ресей елдерінің қатысушылары бар.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

сурет: classic-online.ru