Қазақстандық гитарашы Guitar Idol 2014 байқауында үздіктер қатарына кірді

Қазақстандық гитарашы, "Тенгри шыңында" рок-фестивалінің қатысушысы Артур Машуров (Нодарио) гитарашылар арасында ең беделді саналатын Guitar Idol 2014 байқауында үздік жүздіктің (ТОП-100) қатарына кірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Байқаудың бірінші кезеңінде әлем бойынша жиналған 300 гитарашы онлайн дауыс беру жүргізілетін сайтқа композицияларын жүктеген. Дауыс беру нәтижесі мен сайт қонақтары және қазылар алқасы 100 орындаушыны екінші кезеңге өткізді.

Лондонда 13 қыркүйекте өтетін ақтық сынға тек 8 ғана қатысушы қатыстырылады. Топтан суырылып шыққан сегіз музыканттың есімдері қыркүйек айының басында белгілі болады.

Естеріңізге сала кетсек, байқаудың бірінші кезеңінде Артур Машуров өзінің Rush hour ("Қарбалас сәт") деп аталатын композициясын ұсынған еді.

Guitar Idol байқауы 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді. Әлемнен 350 рок-гитарашы қатысып, оның ішінде жалғыз қазақстандық музыкант Артур Машуров (лақап аты Нодар) болып отыр. Байқау талаптары бойынша Guitar Idol сайтында ең көп дауыс алған гитарашы жеңіске жетеді.

«Менің композициям менің ішкі тебіренісімді көрсетеді. Әрбір жазған әнім осылай туады. Ән менің ойымды ұқтыруы керек. Менің өмірімде уақыт өте тез өтіп жатқандай бір кезеңдер болды. Осыдан байқауға қатысып жатқан әнім шыққан еді», - дейді Машуров.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Мария Мирная