Қазақстандық "Арқайым" тобы The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсетті

The Spirit of Tengri 2015 халықаралық этно-фестивалін қазақстандық "Арқайым" тобы ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. Концерт Республика Сарайы алдындағы алаңда екі күн бойы өтеді. Концертті тамашалау тегін. Фестивальді ұйымдастырушы - Tengri FM радиостанциясы, бас серіктес - Kaspi bank.

Ұжым домбыра және шаңқобыздың сүйемелдеуімен көмеймен ән айтты. Олармен бірге сахнаға электрдомбырада ойнайтын Aldaspan тобы шықты. Музыканттар бірнеше авторлық шығарманы бірге орындады. Айта кету керек, олар қойылымды динамикалық әуенмен бастап, соңын лирикалық музыкамен аяқтады.

"Арқайым" - шығармашылықтарын көне этностильмен байланыстырған Қазақстандағы алғашқы топ. Топтың солисі Абзал Арықбаев түрлі аспаптарда ойнайтын музыкант, ол көмеймен айту мен шаңқобызда ойнаудан сабақ береді. Топтың тағы бір мүшесі Анар Қасымова Қазақстандағы көмеймен айтатын жалғыз әрі алғашқы әйел.

"Біз жас топпыз, құрылғанымызға бір жыл ғана болды. Радик Тюлюш, Чылтыс сияқты танымал музыканттармен бір сахнада өнер көрсеткеніміз үшін қуаныштымыз. (...) Біз түрік музыкасын орындаймыз, барлық аспаптар, сонымен қатар көмеймен айту өнері түркі халықтары үшін ортақ жетістік. Мұндай фестиваль басқа елдерде де өткізілуі тиіс. Дәл осы шарада ғана әлемдегі ең мықты музыканттар жиналады", - деді Абзал Арықбаев.

Орта Азиядағы ең үлкен фестивальдің сахнасына келесі болып "Шарапат" тобы шықты. Топтың бұл фестивальге алғаш қатысуы емес. Aldaspan тобының негізін қалаушы Нұржан Тойшы 2014 жылы электрдомбыра мен электржетігенді ойлап тапқан кезде топ Tengri FM радиостанциясы ұйымдастырған шараға қатысқан. Ұжым этно рок, этно джаз рок стильдеріндегі музыканы электрожетіген арқылы орындайды.

Айта кетейік, The Spirit of Tengri - Ethnoworld жанрында орындайтын әлем музыканттарының басын қосатын үлкен жоба. Фестивальді Tengri FM радиостанциясы ұйымдастырып отыр. Үлкен шара заманауи этникалық музыканттардың қатысуымен жыл сайын ашық аспан астында өткізіледі. Жоба мәдени мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.