«Қазақстан дауысы» финалисі «Славян базары – 2014» халықаралық байқауының жүлдегері атанды

«Қазақстан» телеарнасындағы «Қазақстан дауысы» мега-жобасының қатысушысы Мархаба Сәбиева «Славян базары – 2014» Халықаралық XXIII байқауында жүлделі III орынды иеленді. 5000 АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай сыйлықты Израильдің Диана Голби әншісімен теңдей бөлісті, - деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі.

Жас орындаушы «Қазақстан дауысы» жобасында көзге түсіп, «Славян базары» сайысының іріктеу кезеңіне қатысуға шақырту алған болатын.

Байқау шарты бойынша, орындаушылар бірінші күні ТМД елдеріне танымал әнді, екінші күні әлемдік хит, ал үшінші күн өз елінің хитін орындаулары керек. Байқаудың бірінші күні жас орындаушы Лариса Долинаның «Любовь и одиночество» әнін, екінші күні Бейонстың «Halo» әнін, ал өз елінің хиті ретінде композитор Сәкен Мұсағалиевтің «Неге?» әнін ұсынған.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/w0D1fPyRrMY","width":"450","height":"338"});

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/oKeQxVwjY90","width":"450","height":"338"});

Үш күннің қорытындысы бойынша Мархаба Сәбиева жүлделі үшінші орынға лайық деп табылды.

«Славян базары» вокалдық байқауына 21 мемлекеттен 21 әртіс қатысты. Жартылай финалдың қорытындысы бойынша Мархаба сайыстың ақтық мәресіне қатысқан 15 үздік орындаушының қатарына кірді.

2013 жылы осы байқауға еліміздің атынан Бердібек Құлғараев қатысты. Ол жетінші орын мен арнайы жүлдені иеленген болатын.

Белоруссияның Витебск қаласында дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін байқауға өз елінде ұлттық сайыстардың лауреаттары мен дипломанттары атанған жас әншілер қатыса алады. Ал Белоруссияның Халық әртісі, профессор Михаил Финберг басшылық еткен Белоруссия Республикасының Ұлттық академиялық концерттік оркестрімен жұмыс істеу жас әншілерге үлкен өнер мектебі болары сөзсіз.

Бұл фестиваль жас әншілерге өздерінің өнерлерін мыңдаған көрермендерге паш етуге мүмкіндік береді.

Сурет: «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина