- Негізгі бет
- Музыка
- "Қазақстан дауысы" бабын...
"Қазақстан дауысы" бабын емес, бағын сынайды
Әр жексенбі сайын қазақ жұртының екі көзі көк жәшікке, нақты айтсақ, «Қазақстан дауысы» музыкалық бәйгесіне телмірген. Әлемдік жоба саналатын бұл байқау тұсауын кескен сәттен бастап көрерменнің қызығушылығын оятты. Қарапайым жұрт тәлімгерлердің біліктілігіне күмәнмен қараса, қатысушылар Медеу Арынбаев, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Албанның бұрылып, олардың таңдауына зәру болды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде бастапқы іріктеу кезеңінің әділетсіз болғанын, ресейлік «Голос» аналогына жетпейтінін де сөз еткендер табылды. Біз бүгін осы күмәнді тарқату үшін финалистерді сұхбатқа тартып, толғандырған төрт сұрақты қойып көрдік:
1) Бұл байқау жайлы қайдан естідіңіз? Қатысуға не немесе кім түрткі болды? Музыкамен бұрыннан шұғылданасыз ба?
2) Әлеуметтік желілерде бұл байқаудың бастапқы іріктеу кезеңі әділетсіз өткендігі жайлы айтылып жүр. Сіздіңше бәрі әділ өтіп жатыр ма?
3) Байқауды ресейлік аналогпен көп салыстырады. Онда бұл байқау республикалық деңгейде, өте танымал болатын. Ал «Қазақстан дауысы» сондай деңгейде өтеді деп ойлайсыз ба?
4) Қазір енді іріктеу кезеңі мәресіне жетіп қалды. Кім мықты деп ойлайсыз? Кімге жанкүйер болып жүрсіз?
Айнара Айтқалиева, Мәдина Сәдуақасованың тобында:
1) Бұл байқау жайлы жарнамадан естідім, сонан соң ұйымдастырушылар тарапынан қатысуға ұсыныс түсті. Содан қатысуды ұйғардым. Музыкаға бала күнімнен әуеспін. Кәсіби түрде 2007 жылдан бері айналысып келемін.
2) Бәрі 100% әділ болды деу қиын. Бұл жерде бақ шаба ма, бап шаба ма дегендей, бұйырғаны болды.
3) Қызықты сәттердің барлығы алда деп ойлаймын. Әр жаңа жоба қызық та, танымал болады. Қазірдің өзінде, менің байқағаным, екінің бірінің аузында осы байқау. Сондықтан танымал екендігіне және болатынына сенімдімін.
3) Маған ұнайтын қатысушылар және «Қазақстан дауысына» лайықтылар: Айнұр Арашапова, Данияр Губайдуллин, Роза Мұқатаева, Ару Әуезова жане ең ұнайтын қатысушы – Батырхан Маликов.
Күлайым Қайырбаева, Нұрлан Албанның тобында:
1) Бұл жобаға мені ұйымдастырушылардың өздері шақырды. Мен «Фортепиано» класы бойынша музыкалық мектепті бітіргенмін, сонымен қатар, Қазақ ұлттық өнер академиясы жанында ашылған колледждің түлегімін. Ал қазір Астана қаласындағы Өнер институтында «Эстрада-джаз вокал» мамандығына 1 курста оқимын.
2) Жоба әділетсіз болды деп айта алмаймын. Әйтеуір өзім еш әділетсіздік көрмедім.
3) Енді бәрі келесі турларға байланысты, яғни егер бәрі әділетті болса, онда жоба жоғары деңгейде өтеріне сенімдімін.
4) Бәрі бірінен бірі өткен мықты. Олармен жақын танысып үлгермедім. Менің ойымша, жобаны мықты вокалист жеңеді.
Жанна Верещак, Медеу Арынбаевтың тобында:
1) Бұл байқау жайлы досым айтып, екеуміз бірге қатысқанбыз. Екеуміз бірге дайындалып, тәлімгерлер мен көрермендердің алдына шықтық. Өзім іріктеуге екі күн қалғанда ғана естіп, дайындалған едім. Әнді кішкентай кезімнен бастап айтамын, әкем – әнші және ән айтуыма сол себепкер болды. Ата-анам бұл жобаға қатысып жатқанымды білмеді, өткеннен кейін ғана айттым.
2) Мен де бұрын осындай жобалар әділетсіз өтеді деп ойлайтынмын. Бірақ өзім өтіп отырғаннан кейін, негізінен бұл жоба тек дарынды әншілерді таңдайтынына көзім жетті. Жобаға жеңіл өтіп кеткен адам жоқ, бәрі де дарынды.
3) Иә, Ресейде бұл жоба өте танымал. Қазақстанда бірінші рет өткізілуде, сондықтан халықтың көбі әлі білмейді. Мен де осы жобаға өткен кезде, достарыма айтсам, қандай жоба, қандай деңгейде екенін түсінбейтін еді. Оларға «Superstar.kz», «X-Factor» сияқты деп түсіндіретінмін. Бірақ телеарнадан беріле бастаған соң адамдар кәдімгідей қызығушылықпен қарап жатыр, жобаның сапасы бар, сондықтан деңгейі де өсуде.
4) Айтып өткендей, бұл жобада бәрі дарынды, өнерлі, біреулер нағыз кәсіби әншілер. Өзім қатысып жатсам да, өзім сүйіп тыңдайтын қатысушылар бар. Мен ешкімді қарсылас ретінде көре алмаймын, өйткені жеңімпазды халық таңдайды, әр әншінің бойында дарыны, дауысы бар. Қатысушылардың бәрі дайын әншілер. Бұл жоба біздің үлкен сахнаға шығаратын бір қадамымыз. Әрине, жеңімпаздың біздің Медеу ағаның тобынан шыққанын қалаймын. Бәріне сәттілік, жеңімпаз кім болса да, ол біздің ортақ қуанышымыз, өйткені осындай жобаны, дайындықты, қиындықты біз бірге өткеріп жүрміз.
Финалға өтпей қалған әншілердің бірі Нұрбол Шерубаев:
1) Бұл байқаудың жарнамасын көріп, өз бағымды сынап көрейін деп қатыстым. Өзім 2008 жылы Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің вокал класын бітіргенмін.
2) Мен соңғылардың бірі болып іріктеуге қатыстым. Жобаның талабы бойынша, алдыңғы өткендерді көре алмаймыз, тіпті кіргізбейді де. Сондықтан жобаның әділетті, не әділетсіз өткені жайлы айта алмаймын. Мұнда «Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген мәселе ғой, мысалы менің екінші кезеңде жолым болмады, ал кейбіреулер әділ болмады, сатып алынған деп ойлап жатады.
3) Дәл «Голос» сияқты болмасы анық, дегенмен халыққа қызықты, өзіндік болмысы бар деп ойлаймын.
4) Медеу Арынбаевтың тобындағы досым Жанғалиды қолдаймын және өз тобымдағы, яғни Мәдинаның тобындағы Айнара, Мархаба, Мақпал және Гүлсім, осылар финалға жетеді деп ойлаймын.
Сурет: vk.com
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina