Қазақша бейнебаян YouTube-ті "жарды"

Қазақша бейнебаян YouTube-ті "жарды"

Фанк жанрына негізделген әндерді қазақша орындап жүрген Ғалымжан Молданазар орыс тілді интернет аумағында танымалдылыққа ие болып жатыр. Нәтижесінде Hit TV және ресейлік интернет-каналдар әншінің бейнеклипін тегін айналдыруға рұқсат алған.

Ғалымжан Молданазар әдеттегі сылқым бейнелерден тұратын клиптерден ерекшеленетін дүние жасап шығарғысы келген екен. Және бұл қолынан келген.

«Ақпен бірге» әніне 90-шы жылдар стиліндегі бейнеклипті ол бар-жоғы 30 мың теңгеге түсірген. Бейнеклип YouTube порталында үш аптаның ішінде 90 мың рет көрілген. Жастайынан Gorillaz, Coldplay, Daft Punk топтарын сүйіп тыңдаған ол брит-поп, синти-поп жанрына әуес болған. Өз стилінде ән мен мәтін жазуды кішкентай кезінен армандаған. Арманын Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының бірінші курсын тәмамдаған соң іске асырады. Үш жылға жуық Orda Brothers продюсерлік орталығының жобасы Айсаға ән жазады.

Әрі қарай дамуды ойлаған Ғалымжан бұл жобаны тастап, өз альбомын жазуға кіріседі. Осылайша әндерін өз бетінше айналдыруды қолға алады.

«Шығармашылық кикілжіңдерге байланысты продюсерлермен жұмыс жасау іске аспады. Олар той-бизнеске негізделген поп жанрындағы әндерді қалады, - дейді «хипстерджан» деген лақапқа ие болған Молданазар. – Мен музыканың барлық жанрына сыйластықпен қараймын, бірақ өз стилімде жазғым келеді».

Нәтижесінде жан бағуға тура келді. Түсте ол басқа әншілерге $300–400-ға (орташа нарықтық баға – $3–4 мың) әндер жазды, ал кешкісін өз альбомына кіретін тректермен жұмыс істеді. Бірақ қаржы тапшылығы да, продюсерлермен кикілжіңдер де әншіні табысқа жетемін деген сенімінен айыра алмады. Ендігі жоспары қазақ тілінде тұңғыш альбомын шығару және ресейлік, украиндық өнерпаздармен жұмыс жасап, халықаралық деңгейге көтерілу.

Сурет: vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina