Қазақ музыкасы Лондон оркестрімен бірге!

Қазақ музыкасы Лондон оркестрімен бірге!

Сазгер Еркеш Шәкеев пен дарынды скрипкашы Марат Бейсенғалиев Лондон симфониялық оркестрімен бірге музыкалық жоба ұсынды. Қазақстандық өнерпаздар үстіміздегі жылдың мамыр айында неоклассикалық стильде «Inception» деп аталатын бірінші альбомын жазуға кіріскен еді. Бұған дейін мұндай мүмкіндік бір де бір қазақстандық музыканттарға берілмегенін де ескертейік.

«Inception» альбомы лондондық симфониялық оркестр мен Марат Бейсенғалиевтың бірігіп ойнаған классикалық үлгідегі әндерінен құралған. Бұл композициялар британдық белгілі AIR studios студиясында жазылуда. Осыған дейін әнжинаққа 11 композиция енген. Бұл 11 композицияның аранжировкасын Ұлыбритания, Канада және Италия елдерінің мамандары жасаған. Жобаның саундпродюсері танымал ағылшын продюсері Александр Ван Инген. Альбомның тұсаукесер күні нақты белгіленбесе де, жоба авторлары осы жылдың күз айларына жоспарлап отыр.

Еркеш Шәкеев өзінің классикалық үлгіде жазылған әндерін жұртшылыққа таныстырғысы келгенін, бірақ оған мүмкіндік бола бермегенін айтады. Тек Марат Бейсенғалиевпен шығармашылық жолда түйіскен соң ғана оның арманы орындалыпты. «Мен соңғы екі жылда Алматы мен Астанада өткен концерттерден кейін қатты қиналдым. Маңдай термен келген еңбек халыққа жете бермейді. Тіпті Франция, Англия сияқты елдерге де шығып көргім келді, бірақ кейін қолымнан ештеме келмейтініне көндігіп те жүрдім. Тірі кезімде ондай кереметтің болатынына сеніммен қарай алмадым. Тіпті менің досым Гай Флетчер де менің әлемдік музыка жазып жүргенімді айтса да, мұның бәрі сөз жүзінде ғана қалып қойды. Сөйтсем, арманыма жету үшін Марат Бейсенғалиевпен кездесуім керек болған екен», - дейді Шәкеев.

Неоклассика жанрындағы музыкалық материал автордың өмірге деген философиялық көзқарасын терең лирикамен береді. Әлемдік кәсіби музыканттардың бағасын алып үлгерген туынды шыққан соң да үлкен қошеметке ие болатынын тартынбай айтуға болады.

 

Мәселен, Элвис ПреслигеРэй ЧарльзгеДжо Коккерге ән жазып жүрген, аты аңызға айналған сазгер әрі продюсер Гай Флетчерқазақстандық өнерпаздардың музыкасын тыңдаған соң: «Бұл ғаламат технология және ғаламат музыка! Мен бұл музыкаға бірден ғашық болдым!» деп бағалаған.

Ал музыкатанушы әрі продюсер Райхан Ескендірова болса Марат Бейсенғалиевтің бұл жобаға тек өзіне тән шеберлікпен музыка ойнауын ерекше атап өтті.

Шығармашылық дуэт ендігіде екінші әнжинақ жазуды жоспарлап отыр. Ал музыканттардың арманы Берлин симфониялық оркестрімен және Голландия корольдік оркестрімен бірігіп ән жазу екен. Ал бұл оркестрлер әлемнің үздік оркестрлері. Альбом дайын болғанда дуэт Лондондағы Альберт-холл мен АҚШ-тағы Карнеги-холлда концерт береді.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: season.kz, inform.kz

А. Құлтай