Қазақ қызы «Қытай дауысы» музыкалық жобасында сәтті өнер көрсетті

Қытайдағы танымалы өнер бәсекесінің бірі саналатын «Қытай дауысы» (Sing! China) музыкалық жобасына қатысып жатқан қандасымыз Мәдина Думанқызы жарыстың алғашқы кезеңінен сәтті өтті.

Қытайдағы таланттар шоуы атанған телевизиялық жобада әнші Мәдина Думанқызы «Қарыздар емеспін» атты әнді қытай тілінде орындап, тәлімгерлер мен көрермендердің жоғары бағасына ие болған. Аталған жоба Қытайдың «Чжэзяң» телеарнасында көрсетіліп жатыр.

Мәдина Думанқызы – 2000 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласында туған. Қазіргі күні Сиань музыка институтында білім алуда.


Жас әнші осы уақытқа дейінде түрлі өнер байқауларына қатысып, өз талантымен жұртқа танылып үлгірген. Ол 2016 жылы Қытайдағы Шыңжан қазақтарының арасындағы танымал өнер бәйгесі саналатын, Шыңжаң ТВ өткізген «Күміс көмей» жобасында бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен бірге осы жобада «халықтың қалауынан шыққан үздік әнші» болып бағаланып, осы аталымдар бойынша жүлдеге тігілген екі бірдей темір тұлпарды қанжығасына байлады. Сондай-ақ, Қазақстанда өткен XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысып атаулы сыйлықты жүлдемен марапатталған. 2019 жылы Қытайдың орталық радиосы мен теледидары ұйымдастырған өнер байқауында және Шэньси провинциясы өткізген байқауларда жұртшылықты өз талантымен тағы да тәнті етті.

inform.kz