- Негізгі бет
- Музыка
- Қазақ жігіті «Түркия...
Қазақ жігіті «Түркия дауысы» байқауында тыңдарманды тәнті етті
Түркияның бас қаласы Анкарада білім алып жатқан қазақстандық Әсет Закиров жыл сайын ұйымдастырылатын «O ses Türkiye» (Бұл Түркия дауысы) әйгілі ән байқауының алғашқы турынан мүдірмей өтті.
Байқау барысында Әсет америкалық әнші Джон Леджендтің «All of me» атты лирикалық әнін шеберлікпен орындап, қазылар құрамындағы екі әншінің назарын аудартты. Отандасымыздың өнеріне тәнті болған Түркияның белгілі әншісі Хадисе Ачыкгөз (Hadise Açıkgöz) сахнаға шығып дәл осы әнді дуэт болып орындаса, қазылар алқасының өзге мүшелері жас өнерпаздың кейінгі қадамдарына сәттілік тілеп, ризашылықтарын жаудырып жатты. Өзіне бұрылған қос тәлімгер арасынан белгілі әнші Хадисе Ачыкгөзді таңдау себебін Әсет музыкалық талғамының ортақтығымен, репертуарындағы әндердің жанрлық ұқсастығымен түсіндіреді.
Ал, Джон Леджендтің «All of me» әні туралы: «Бұл – тыңдарманның сезімін селт еткізіп, жүректегі мың сан иірімдерді қозғайтын ән. Өз болмысыма жақын болғандықтан байқауда орындауды жөн деп таптым. Түрік тыңдармандарының жүрегіне жол тауып, еңбегімді бағалағанына қуаныштымын», – дейді. Бүгінде отандасымызды Түркияның түкпір- түкпірінде оқып жүрген жүздеген қазақстандық жастар қолдауда. «O ses Türkiye» ән додасының келесі туры қаңтар айында ұйымдастырылмақ.
Әнші туралы қосымша ақпарат бере кететін болсақ, Әсет Закиров – 1993 жылы Астана қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Халықаралық қатынастар бөлімін аяқтаған. 2016 жылдан бастап Түркияның Хажеттепе университетінің Халықаралық қатынастар мамандығында магистратура бойынша білімін жетілдіруде. Жас кезінен бастап түрлі ән байқауларына қатысқан, әйгілі Х factor жобасында бақ сынаған. 2016 жылы «Жүрек әні» атты дебюттік шығармасы i-tunes, spotify секілді сандық сервистерде жарияланған.
А. Оралқызы