10-желтоқсан күні Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматыдағы Республика сарайында кешкі сағат 19.00-де қазақ эстрадасының маэстросы, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының эстрадалық-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі, дирижер, аранжировка шебері Нұрлан Байкөзовтың жеке шығармашылық кеші өтеді. Кешке Жұбаныш Жексенұлы, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Маржан Арапбаева, Медеу Арынбаев, Сая Маханбетқызы, «Жетіген», «Мюзикола» топтарымен қатар өзге де өнер жұлдыздары қатысады. Концерттен түскен қаржының бәрі қайрымдылық мақсатта жұмсалмақ.
Нұрлан Байкөзовтің өнердегі негізгі қадамдары студенттік күндері басталған. 1973 жылы Шымкент музыкалық училищесінде жүріп, «Степные маки» (Қыр қызғалдақтары) деп аталатын вокальдық-аспапты ансамбль құрады. Арада бір жыл өткенде ВИА «Степные маки» Мәскеуде өткен байқауда жеңімпаз атанады. Қазақтың цирк өнерін тұңғыш рет әуенмен өрнектеген сазгер бүгінде А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында эстрадалық-симфониялық оркестр құрып, оның көркемдік жетекшісі қызметін атқаруда.
Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Нұрлан Байкөзов халықтың жүрегінен орын алған талай әннің авторы ретінде танымал. Бүгінде әндерінің саны 60-тан асқан. Халық оны Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Деме сен» әнімен жақсы таниды, сонымен қатар Бағдат Сәмединова, Құдайберген Бекішов, Ералхан Әбішов сынды өнер иелері бүгінде Байкөзовтың әндерін орындап, көрерменге ұсынып жүр. Бұдан бөлек, 50-ден астам симфониялық оркестрге және эстрадалық симфония оркестрлеріне, ансамбльдерге арналған шығармалары бар. Оның көпшілігі Еуропа елдерінің сахнасында орындалған.
«Шығармашылық кешімді Тәуелсіздік күніне орайластырғанды жөн көрдім. Тәуелсіздік – біздің ең басты арманымыз болып келді. Демек, оны қадірлеу, бағасын білу бәріміздің парызымыз болуы керек деп санаймын», - дейді сазгер.
Анықтама
1979-1984жж. «Гүлдер » ансамбілінің бас дирижеры болды.
1984-1988 жж. «Дос Мұқасан» ансамблінің музыкалық жетекшісі.
1988-1992 жж. «Назерке» ансамблінің көркемдік жетекшісі.
1992-2010 жж. Алматы мемлекеттік цирк оркестрінің бас дирижеры.
2005-2012 жж. Алматы каласы әкімінің эстрада-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры қызметтерін атқарған.
Сурет: Нұрлан Байкөзовтың жеке архивінен